Астанада «Елімнің тағдыры - менің тағдырым!» форумы өтті

None
АСТАНА. 3 шілде. ҚазАқпарат - Бүгін Астанадағы Назарбаев орталығында «Елімнің тағдыры - менің тағдырым!» атты I республикалық форум өтті.

Форумға өз тағдырын ел тағдырымен байланыстырып, «Елім, жерім!» деп еңбек еткен азаматтар шақырылды. Олардың ішінде көрнекті қоғам қайраткерлері, әскерилер, ұстаздар, әншілер, машинистер, спортшылар мен студент-жастар бар. «Форумға «Елімнің тағдыры - менің тағдырым!» деп атау әрбір қазақстандықтың өз Отанына деген сезімін айқын көрсетсе керек. Оның ішінде бәрі бар - Тәуелсіз 20 жылдың ішінде мың құбылып тұрған әлемде Қазақстанның нық қадам басып, қазіргі жетістіктерге жетуі, ал, ең бастысы, қарапайым халықтың ерен еңбегі. Сол себепті біз осы ұранды форумның негізгі тақырыбы ретінде алып отырмыз», - деп атап көрсетті форумның ашылу рәсімінде Назарбаев орталығының директоры Қанат Саудабаев.

Форумның бұл ерекшелігі іс-шараны өткізу барысынан да барынша байқалады. Сахна төрінде ресми тұлғалар ғана емес, қарапайым халықтың өкілдері - машинист-конструктор, әнші-ұстаз, фермер, дәрігер, альпинист пен әскери азаматтар бас қосып, ел тағдырымен біте қайнасқан өз тағдырларынан сыр шертті.