Астанада «Елімнің тағдыры - менің тағдырым» форумы өтті

АСТАНА. 14 мамыр. ҚазАқпарат - Бүгін елордадағы Қ. Қуанышбаев атындағы қазақ музыкалық драма театрында «Елімнің тағдыры - менің тағдырым» қалалық форумы өтті.

Шараны Астана қаласы Ішкі саясат басқармасы мен «Үкіметтік емес ұйымдарды қолдау орталығы» жеке қоры ұйымдастырды.

Оған елорда тұрғындары арасынан түрлі маман иелері қатысып, өздерінің күнделікті тыңғылықты еңбектерімен және жетістіктерімен бөлісті.

Атап айтар болсақ, Астана қаласы Ардагерлер кеңесінің мүшесі Мейрам Байғазин, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының оқырмандарға қызмет көрсету орталығының меңгерушісі Әлия Қожабекова, «Астана цирк» мемлекеттік мекемесінде іс қағаздарын жүргізу бөлімінің маманы Роза Мейірбаева және тағы басқалар сөз алып, пікірлерін жеткізді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, форумның басты мақсаты Астанадағы қарапайым тұрғындардың адал еңбегімен Тәуелсіз Қазақстанның дамуына өз үлесін қоса алатындығын көрсету.

Форумға ҚР Парламенті мен Астана қаласы мәслихатының депутаттары, мемлекеттік органдардың, саяси партиялардың, шығармашылық, этномәдени бірлестіктің өкілдері, сондай-ақ ардагерлер мен жастар қатысты.