Астанада елордалық дарынды журналист-қаламгерлерді еске алуға арналған кеш өтеді

АСТАНА. 4 мамыр. ҚазАқпарат - Бүгін Астанадағы «Жастар» мәдениет сарайында (сағат 19.00-де) ерекше шара - елордалық дарынды журналист-қаламгерлерді еске алуға арналған кеш ұйымдастырылып отыр.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев іргетасын қалаған және сәулетті деңгейге жеткізген Астана қаласы күн сайын қарқынды дамып, гүлденіп келеді. Елордамыздың осындай биік дәрежеге көтерілуіне, өсіп-өркендеуіне төртінші биліктің өкілдері - журналистер қауымы да өте зор үлес қосуда.

«1998 жылдың 4 сәуірінде Астана қаласының Халықаралық баспасөз орталығы құрылды. Осында бір мыңнан астам брифингтер және баспасөз мәслихаттары жоғары деңгейде  өтті. Соның нәтижесінде жаңа елордамыз туралы  барлық газет-журналдар беттерінде тартымды мақалалар мен очерктер жарыққа шықты, теледидарлар мен радиолар арқылы мыңдаған бейне және аудио сюжеттер бүкіл жершарына таратылды.  Халықаралық баспасөз орталығының осы үлкен жеңісіне өмірден ерте өткен, дарынды қаламгер-журналистер өз үлестерін молынан қосып, ел есінде қалды. Олардың арасында Ақселеу Сейдімбек, Дүкеш Бәйімбетов, Владимир Коченов, Жомарт Әбдіхалық, Рафаэль Жұмабаев, Талғат Ілімжан, Владимир Бойко, Жұматай Сабыржанұлы, Шәкизада Құттаяқов, Алмас Жолтаев, Мадрид Рысбеков, Нөгербек Мағзұмов, Октябрь Әлібек, Олег Квятковский, Біржан Белғара және басқалар бар»,- дейді аталған шараның ұйымдастырушыларының бірі, журналист Сәдібек Түгел.

Бұл кеште өмірден ерте өткен дарынды журналист-қаламгерлерге арналған бейне-сюжеттер көрсетіліп, Астана қаласы Мәдениет департаментінің тематикалық ұлағатты концерті қойылады. Концертке есімдері елімізге белгілі елордамыздың өнер жұлдыздары қатысады. Олардың ішінде Әлем әртісі Айман Мұсақожаева, танымал әншілер Мәдина Сәдуақасова, Бекболат Байсағатов, Серік Оспанов, Секен Тұрысбеков, Естай Мұқашев және басқалар бар.

Бұл кештің бастамашылары әрі негізгі ұйымдастырушылары - «Ұлы Дала Қырандары» әлеуметтік-мәдени республикалық қозғалысы.

Кештің өтуіне Астана қаласының әкімдігі, Астана қаласы Мәдениет департаменті, «Жастар» мәдениет сарайының әкімшілігі, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің телестудиясы және басқа ұжымдар қолдау көрсеткен.