Астанада емдеуге бөлінген 675 млн теңгені жымқырып қойған

АСТАНА. KAZINFORM – Тексеру барысында медициналық ұйымның бұрынғы жетекші құрамы ұзақ уақыт бойы азаматтарды емдеуге арналған бюджет қаражатын заңсыз шығару схемасын ұйымдастырғаны анықталды. 

Фото: Ғайсағали Сейтақ / Kazinform

Астана прокуратурасының мәліметінше қаражат жақын туыстары мен үлестес тұлғалардың шоттарына аударылып, жымқыруды заңды қаржылық операциялар ретінде бүркемелеген.

Жымқырылған қаражаттың бір бөлігі қымбат тұрмыстық техника сатып алуға, сондай-ақ Италияға туристік сапарлардың ақысын төлеуге жұмсалған.

Қазіргі таңда мемлекетке келтірілген жалпы залал 675 млн теңгеден асты.

Аталған дерек бойынша прокуратура органдары Қылмыстық кодексінің 189-бабының 4-бөлігі (аса ірі мөлшерде жымқыру) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады.

Қылмыстық іс шеңберінде елорда прокуратурасының арнайы прокурорлары тергеу әрекеттерін жүргізіп жатыр.

Айта кетелік Астанада жаңа емханалар ашылып, медициналық қызмет цифрландырылған еді