«Сарыарқа ауданының ең креативті аққаласына іздеу саламыз. Ауа райы жылып келеді, тұрғындардың бой жазатын уақыты жетті. ASTANA WINTERLAND интерактивті бірегей ойын-сауық алаңы аясында ерекше аққалаға немесе қардан жасалған мүсінге байқау жариялауды жөн көрдік. Мүсінді жасауда қиял ұшқырлығына шектеу қойылмайды», - деп жазды Сарыарқа ауданының әкімі Арман Тұрлыбек Фейсбуктегі парақшасында.
Байқауға қатысу шарттары: өз үйінің ауласында қардан мүсін тұрғызу, онымен бірге суретке түсіп, #СарыарқаАққалалары #СнеговикиСарыарки хэштегімен әлеуметтік желіде жариялау.
«Ең үздік аққала иесіне демеушілерден 100 мың теңге ақшалай сыйақы дайын. Әрине, екінші және үшінші орын алғандар да назардан тыс қалмайды», - деді А. Тұрлыбек.
Аққалалар байқауы қаңтар айының ортасына дейін жалғасады. 15 қаңтар күні байқау нәтижесі жарияланады.