Астанада ер адам әскери қызметкерге пышақ салмақ болды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада Ұлттық ұлан сарбаздары әскери қызметкерге пышақ сұқпақ болған ер адамды тоқтатты, деп хабарлайды ҚР Ұлттық гвардиясының баспасөз қызметінен.

2 қазан күнгі шамамен сағат 21-00-де ҚР Ұлттық ұланы 5573 әскери бөлімінің жасағы гвардияшыға пышақ салмақ болған ер адамды ұстады.

Бұл күні әскери жасақ бастығы, ефрейтор Жасұлан Қыдырбаев қатардағы жауынгерлер Қазыбек Үйсембаев және Ербол Бекбаевпен бірге қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қорғау қызметін атқарып, Абай көшесінде жүрген.

«Сол кезде олар әрекеттері оғаш көрінген азаматты байқаған. Өзін тексеру кезінде ер адам кеудешесінің сол жақ қалтасынан пышақ алып шығып, қатардағы жауынгер Үйсембаевқа соққы жасамақ болды. Әскери жасақ оның қолына кісен салды. Ер адам Сарыарқа аудандық ІІБ-не жеткізілді», - делінген хабарламада.