Астанада ер адам бұрын өзі күзеткен нысаннан 21 млн теңгенің кабелін ұрлап кеткен

АСТАНА. KAZINFORM — Астана полицейлері ірі көлемдегі ұрлық қылмысын ашты. 31 жастағы тұрғын кезінде өзі күзетші болып жұмыс істеген нысаннан миллиондаған теңгенің электр кабелін ұрлады деген күдікке ілінді.

Видеодан алынған кадр

Тергеу мәліметінше, ер адам нысанның аумағына еркін кіріп, электр кабелін жасырын түрде алып кеткен. Ұрланған мүліктің жалпы құны — 21 миллион теңге.

Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында күдіктінің жеке басы анықталып, ол қолға түсті. Қазіргі уақытта күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.

— Ол нысанның құрылымын, күзет жүйесін және материалдық құндылықтардың орналасуын жақсы білген. Осыны пайдаланып, қылмысқа барған, — делінген полицияның баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.

Еске салайық, бұған дейін Қарағандыда қарақшылық шабуыл мен ұрлық жасаған ер адам ұсталғанын жазғанбыз.