Іс-шараны Астана қаласының Қазақстан халқы ассамблеясы жанындағы Аналар Кеңесі ұйымдастырды.
Балалар щетка, қарындаш, аппликациялар және басқа да сәндік материалдарды пайдаланып, Пасха жұмыртқаларын бояуды үйренді. Олар сондай-ақ Пасха бәліштеріне қамыр дайындауға қатысып, ерекше рецептерді үйренді. шеберлік сабағының көркін түрлі тәттілер арттыра түсті. Олардың арасында мейіз қосылған Пасха бәліштері, сүзбе пасха торты және боялған жұмыртқалар бар.
— Бұл керемет, мен барша қазақстандықты Пасха мерекесімен құттықтаймын және оларға бақыт, жақсылық және биік шыңдарды бағындыруды тілеймін, — деп әсерімен бөлісті мастер-класс қатысушыларының бірі Кирилл Чернов.
Іс-шара Достық үйінде өткен мерекелік кездесулердің жалғасы болды. Жақында мұнда Наурыз мерекесі тойланса, енді түрлі мәдениет өкілдері бір дастарханның басында тағы да бас қосты — бұл жолы Пасха мерекесіне орай.
— Біз Қазақстанда бар барлық мерекені тойлаймыз. Мақсат — барлық этносты бір шаңырақ астына біріктіру. Бүгін бізге ерекше балалар келіп отыр, олардың эмоцияларына қарағанда бұл іс-шара оларға өте ұнады, — дейді Достық үйі директорының орынбасары Камета Ибраева.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай форматта Пасха шеберлік сабағы алғаш рет өтті. Ол Қазақстан халқы ассамблеясының 30 жылдығына арналған іс-шаралардың бір бөлігі болды. Жоспарда этносаралық бірлікті нығайтуға және толеранттылық мәдениетін дамытуға бағытталған жаңа кездесулер мен шығармашылық шараларды өткізу бар.
Айта кетелік Мемлекет басшысы барша христианды Пасха мерекесімен құттықтады.