Маманның айтуынша, Астанада қызылша бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақсыз деп бағалануда. Осы аптада тәулігіне 48-ге жуық жағдай тіркелді.
«Қаңтар айының басынан бері елордада қызылшаның 1 029 бастапқы және 321 расталған жағдайы тіркелді, оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар арасында – 227 жұқтыру жағдайы бар. Науқастардың 68%-дан астамы – бұрын қызылшаға қарсы екпе алмағандар, бұл инфекцияның елордада таралуына әкелді», - деді С. Бейсенова Астана қаласының коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде.
Соңғы аптада қызылша ауруының көрсеткіші алдыңғы аптамен салыстырғанда 1,1 есеге өсті. Өткен жаңа жылдық мереке кезінде әлеуметтік қарым-қатынастың артуына байланысты ересектер арасында қызылша жұқтырудың 49-дан 71 жағдайға дейін өсуі байқалады.
«Ал 1 жасқа дейінгі және 3 жастағы балалар арасындағы сырқаттану керісінше желтоқсан айымен салыстырғанда төмендеген. Мәселен, 1 жасқа дейінгі науқас балалардың үлес салмағы 14%-дан 8%-ға дейін және 3 жастағы балалар үлесі – 22%-дан 16%-ға дейін төмендеді. Оған қосымша жаппай иммундау көмектесті. Яғни, вакциналау тиімділігін жоққа шығару мүмкін емес», - дейді спикер.