Астанада ерлі-зайыптылар жаңа туған сәбиін көлікке айырбастамақ болған

АСТАНА. ҚазАқпарат - Өзбекстаннан көшіп келген, Қазақстанда алты жыл қатарынан тұрған екі балалы отбасы көп қиналмастан бір мезетте баюды ойға алады. Сөйтіп, әйел өзінің жүкті екенін білген кезде ғаламтордағы сайтта әлі дүниеге келмеген баласын 2004-2008 жылдары шыққан автокөлікке айырбастайтыны туралы хабарландыру қалдырады, деп хабарлайды Астана қаласының прокуратурасынан.

Бұл хабарландыруды көріп жаны түршіккен А. есімді азаматша баланы тауар ретінде сатқысы келетін әйелдің адамгершілікке жатпайтын әрекеті жайлы полиция органдарына хабарлайды. Кейін азаматша А. полиция қызметкерімен бірге еріп барып, ерлі-зайыпты секілді жоғарыдағы жандармен баланы сатып алу туралы келіссөздер жүргізеді. Баласын сатпақ болған ерлі-зайыптылар сәбидің орнына «Toyota Camri» көлігін сұрап, қолма-қол ақша алудан үзілді-кесілді бас тартады.

2015 жылғы 27 қаңтарда аталған әйел ұл бала босанып, екі күннен кейін перинаталдық орталықтан шығады және сол күні А.есімді азаматшаға қоңырау шалып, баланы алып кетуін сұрайды. Кездесуге туылғанына енді ғана екі күн толған нәрестенің ата-анасы келеді. Олар материалдық пайда табу мақсатында баланы құжаттарымен А.-ға табыстап, оның орнына сенімхат бойынша нәрестенің әкесінің атына жазылған автокөлікті алады және балаға қатысты еш наразылықтары жоқтығы туралы қолхат жазып береді. Астана қаласының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2015 жылғы 22 сәуірдегі үкімімен аталған азаматтар ҚР Қылмыстық Кодексінің 135-бабы 2-бөлігінің 1,10-тармақшалары бойынша кәмелетке толмаған адамды сату, яғни сату-сатып алу немесе жәбірленушінің материалдық немесе өзге де тәуелділігін пайдалана отырып адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен кәмелетке толмаған адамға қатысты мәміле жасауда кінәлі деп танылды. Сөйтіп, олар мүлкі тәркіленіп, әрқайсысы жалпы режімдегі түзеу колониясында жазасын өтеумен 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Соттың үкімі өз күшіне енді.