Астанада «ЕС 645 Т2» жауынгерлік тікұшағы таныстырылды

АСТАНА. 18 шілде. ҚазАқпарат - Астанада «Еурокоптер Қазақстан инжиниринг» компаниясының «ЕС 645 Т2» жауынгерлік тікұшағы таныстырылды.

Қазақстандық компанияның коммерциялық директоры Кәрібай Әблезовтің сөзіне қарағанда, аталған тікұшақ - Еуропаның әскери ғалымдарының соңғы жаңа еңбектерінің бірі. Бұл машина биік таулы аймақтарда және ыстық жерлерде пайдалануға бейімделген. Сонымен қатар ол оптикалық жүйемен, қашықтықты өлшеу үшін лазерлік құрылғымен, басқарылатын және басқарылмайтын зымырандармен, ірі калибрлі зеңбірекпен жабдықталған.

Тікұшақтың ең жоғары жылдамдығы сағатына 268 шақырыммен шектеліп отыр, сондай-ақ ұшу қашықтығы 663 шақырымға арналған. Қазіргі кезде оның сериялық өндірісі әлемнің бірде-бір елінде басталмаған екен. Қазақстанға тікұшақ 2014 жылы жеткізілмек.

«Тікұшақтар Германия мен Францияда шығарылады. Біз Астанада құрастыру үшін аталған елдерден жиынтық жабдықтарды алатын боламыз. Елордада тек құрастыру жұмыстары жүргізіледі», - деп түсіндірді таныстырылым барысында К. Әблезов.

«ЕурокоптерҚазақстан инжиниринг» зауытын «Қазақстан инжиниринг» Ұлттық компаниясы» АҚ мен «Еурокоптер» француз кәсіпорны бірлесіп құрған. Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасымен 2010 жылдың 27 қазанында Францияда бірлескен компания құру туралы екіжақты келісімге қол қойылды.