Астанада есірткі бизнесіне қатысты 63 қылмыстық іс қозғалды

АСТАНА. Наурыздың 25-і. ҚазАқпарат /Жасұлан Жолдыбаев/ - Жыл басынан бері Астанада есірткі бизнесіне қатысты 63 қылмыстық іс қозғалып отыр.

Бұл туралы бүгін Астана қалалық Ішкі істер департаментінде өткен брифингте Есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының бастығы Аясын Байділдаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.Соңғы үш ай ішінде құқық қорғау органдарының күшімен елордада 13 есірткі сату нүктесі және 1 есірткі притонының көзі жойылды. Заңсыз айналымнан 80 киләға жуық наша алынды. Мәселен, кеше Есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасы мен Жол полициясының бірлескен іс-шарасы барысында есірткі қылмысы анықталды. Астананың кіреберісіндегі «Қызылжар» автобекетінде 4 грамм героин алып өтпек болған Қарағанды облысының Л. есімді азаматы ұсталды. «Ал наурыздың 18-і күні «Құқықтық тәртіп» іс-шара барысында М. есімді азамат қолға түсті, оның үйінен 1 киләға тарта героин табылды.