Бұл туралы бүгін журналистермен болған брифингте КОІІД Есірткі бизнесімен күрес басқармасы бастығының міндетін атқарушы полиция капитаны Олжас Жарылғапов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Полиция капитаны О.Жарылғаповтың айтуына қарағанда, жезқазғандық әйел екі айға жуық елордада есірткі затын сатумен айналысқан және жалдамалы пәтерін үнемі ауыстырып отырған. Полиция қызметкерлері осыдан 2 аптадан астам уақыт бұрын тәртіп сақшыларының назарына іліккен әйелді қылмыс үстінде ұстау туралы шешім қабылдаған. Есірткі сатушының соңғы мекен-жайын тексеру барысында, пәтерден 100 грамға жуық героин және электрондық таразы табылған.
Қазіргі уақытта есірткі сатушы уақытша оқшаулау абақтысына қамалып, оның үстінен ҚР Қылмыстық кодексінің 259 бабының 3 тармағы «в» тармақшасы бойынша қылмыстық іс қозғалды.
О.Жарылғаповтың айтуына қарағанда, заңнамаға енгізілген соңғы өзгерістерге сәйкес есірткі сатушының мүлкі тәркіленіп, 10-15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.