Астанада Есіл өзенінде теплоходпен серуендеу қашан басталады
АСТАНА. KAZINFORM — Астанада жазғы туристік маусым қарсаңында экскурсиялық теплоходтар дайындалып жатыр. Бүгін Есіл өзені жағалауында кемелер су бетіне түсірілді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Теплоходтар 1 мамырдан бастап өзен бойымен қатынай бастайды.
Astana Tourism туризмді дамыту орталығы департаментінің директоры Саят Оразтайдың айтуынша, Есіл бойымен серуендеу — елордадағы ең танымал туристік демалыс түрлерінің бірі.
«Есіл Астана» кеме қатынасы компаниясының өкілі Карина Данилко маусым алдында барлық теплоход толық техникалық тексерістен өткенін айтты.
— Барлық теплоход сырланып, толық қызмет көрсетілді. Жолаушылар қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлінді: жаңа құтқару жилеттері сатып алынып, жабдықтар тексерілді, — деді ол.
Суға 45 орындық «Астана KSW-082», 65 орындық «Есіл KSW-092» және «Р-118», 30 орындық «КС-192», «КС-201» және «ПР-151» теплоходтары түсірілді.
Сонымен қатар «Есіл Астана» компаниясы кеме паркін жаңарту мақсатында 12 адамға дейін арналған жылдам жүретін төрт шағын кеме сатып алған.
Бұдан бұрын Астанада 200-ге жуық адам Есіл жағалауын тазартуға шыққанын хабарлағанбыз.