Астанада этномәдени бірлестіктердің ашық есік күндері аяқталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан халқы Ассамблеясы жылына орай Астана қаласында 1-7 наурыз аралығында қалалық этномәдени бірлестіктердің ашық есік күндері өтті. Шара аясында бірлестіктер ұлттық бұйымдар көрмесін, шығармашылық концерттер мен шеберлік сағаттарын ұйымдастырды, деп хабарлады astana.gov.kz.

Ашық есік күндері бағдарламасы аясында барлық қатысушылар Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметі, мақсаты туралы толық мәлімет алды. Татар-башқұрт, шешен-ингуш, еврей, қырғыз этномәдени бірлестіктерінде қонақтармен кездесулер өткізілді, өз ұйымдарының жұмысымен таныстырды.

Сонымен қатар, Бейбітшілік және келісім сарайында этномәдени бірлестіктердің кеңселеріне экскурсиялар, ұлттық ән мен биді насихаттайтын концерт және қолданбалы өнер көрмесі ұйымдастырылды.

Наурыздың 4 күні поляк, армян, әзербайжан, түрік этномәдени бірлестіктерінде «Стокротка», «Наири», «Хазар» ұжымдарының қатысуымен өткен мерекелік концерттер көптің көңілінен шықты. Беларусь, өзбек, грузин орталықтарының, «Оберег» украин орталығымен және республикалық «Лад» славяндар қозғылысының ұйымдастыруымен халықтық қолданбалы өнер бойынша арнайы көрме-таныстырылым, ал 6 наурызда болгар, түрікмен, күрд этномәдени бірлестіктерінің ұлттық киімдер көрмесі өтті.