Бұл туралы бүгін шараның ұйымдастыруына ұйытқы болып отырған халықаралық Диалог Еуразия платформасы ұйымының төрағасы Нұрлан Оразалин мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Форумға Түркия, Ресей, Молдова, Беларус, Украина, Түрікменстан, Тәжікстан, Үндістан секілді, барлығы 16 мемлекеттен делегаттар келіп қатыспақ. Сонымен қатар ҚР Парламенті Сенатының спикері Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов, ҚР Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед, ҚР Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаев болады деп күтілуде.
Ұйым отырысында ұлттар, мемлекеттер, діндер арасындағы татулық тақырыбы, ұрпақтар сабақтастығы талқыланады. Платформаның еліміздегі ұлттық комитетінің төрағасы, сенатор Ғарифолла Есімнің айтуынша, алқалы жиында Қырғыз Республикасындағы оқиғалар, Мәскеудегі террорлық актілер сынды нақты ғаламдық тақырыптар да көтеріледі.
Диалог Еуразия платформасы осыдан 12 жыл бұрын Ыстамбұл қаласында құрылған болатын. Оның тұсауын кесуге Еуразия кеңістігіндегі 10-нан астам мемлекеттің қатарында Қазақстан да атсалысқан еді. Оның басы-қасында Олжас Сүлейменов, Мұхтар Шаханов, Шерхан Мұртаза, Әбіш Кекілбаев секілді азаматтар болды. Қазір бұл ұйымға екі жылдан бері Қазақстан төрағалық етіп жүр.
«Ұйымның мақсаты - елдердің, құрылықтардың арасындағы өрши бастаған алауыздық болатын болса, соны халықтық демократиялық үлгіде мемлекеттер арасына дәнекер бола отырып, оны тоқтату. Осындай кісілікті, адамгешілікті идеяларды ту еткен платформа қанатын кеңге жайып, қазір 16 мемлекетте өзінің ұлттық комитеттерін құрған», дейді Н. Оразалин.