Астанада «EXPO-2017» алаңын жылумен қамтамасыз ететін магистраль салынбақ

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2015 жылы Астанада жалпы ұзындығы 21,5 шақырымды құрайтын жылу магистралі салынады. Бұл туралы Астана әкімінің аппаратынан хабарлады, деп жазады елорда әкімдігінің ресми сайтында.

«2015 жылы жалпы ұзындығы 21,5 шақырым бесінші жылу магистралін салуға кірісеміз. Ол қаланың солтүстік-батысын, оңтүстік-батысын, сондай-ақ «EXPO-2017» алаңын жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Жалпы, 2017 жылға дейін 80 шақырым магистральді желі салынады, - делінген қала басшысының хабарламасында.

2013-2014 жылдар аралығында жалпы ұзындығы 18 шақырымдық магистральді жылу құбырлары қайта жөнделіп жатыр. Нәтижесінде олардың өткізу мүмкіндігі 859-дан 1788 Гкалға дейін артып, тозушылық дәрежесі 15%-ға азаяды. Сондай-ақ бұл орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылатын тұтынушылар санын арттырмақ.

Құбырлардың жер астымен жүргізілуі де қала көшелерінің көркіне жинақылық береді. Сонымен қатар, ТМ-7, ТМ-2, ТМ-18 жылу магистральдарын қалпына келтіру жоспарланып отыр.