"Креативті ұлтты қалыптастырудың жолдары мен тетіктері" атты халықаралық семинар-конференция бүгін Назарбаев Университетінде өтті. Виртуалды ойын кеңістігі, компьютерлік технологиялар, адамның ой-өрісін дамытатын стимуляторлар мен жаттығу құралдары, болашақ технологиялар - бүгінгі конференцияның басты өзегі болды. Болашақты болжайтын сарапшылар "Компьютерлік ойын технологиялары: халықаралық және қазақстандық тәжірибе", "Фантастика және форсайт", "Ұжымдық ой-зерденің техникалары" атты үш секция бойынша талқылаулар өткізуде.
ҚР Индустрия және жаңа технология вице-министрі Қаныш Төлеушин технологиялар мен инновацияның мемлекет экономикасының дамуына әсері жайлы айтып берді. Ол инновациялық шешімдерді ойлап табатын қазақстандық новаторларды қолдаудың мемлекеттік шараларына егжей-тегжейлі тоқталды.
Конференцияның негізгі бөлігі компьютерлік ойын бағдарламаларын жасауға арналған. Өздерінің баяндамаларын "World of Tanks", "Көшпенділер" және тағы басқа ойындардың жасаушылары жасады. Мысалға танымал фантаст, сценарист және әдеби редактор Сергей Чекмаев ғалам кеңістігін қалай құру керектігін тәптіштеп берді.
Конференцияда "Байқоңыр-2011" қоғамдық сыйлығының жеңімпаздары мен лауреаттарының туындылары - қазақстандық қазіргі заман фантастикалары енген антологияның таныстырылымы өтті.