Астанада ФАО өкілдігі ашылады (ФОТО)

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков және Біріккен Ұлттар Ұйымы азық-түлік және ауыл шаруашылық ұйымының (ФАО) бас директоры Жозе Грациану да Сильва ҚР-да ФАО-ның байланыс және серіктестік бойынша бюросын құру, ҚР-ға техникалық көмек қызметін ұсыну және Қазақстан-ФАО серіктестік бағдарламасын дамыту туралы келісімге қол қойды.

Келісім аясында тараптар техникалық мамандарды тарту, ауыл шаруашылығының басым бағыттары бойынша жобаларды жүзеге асыруда техникалық қолдау көрсету мәселелерін бірлесіп шешуге келісті.

ҚР ауыл шаруашылығы министрі атап өткендей, ФАО кеңсесі Астанада болады. Өкілдіктің ресми ашылуы және қызметін бастауы Жозе Грациану да Сильваның Қазақстанға жаздың ортасында келетін келесі сапарында болады деп жоспарланған. Қазірдің өзінде бруцеллез бойынша жұмыстар белсенді жүргізіліп жатыр.

«ФАО техникалық көмек бағдарламасы бар, сарапшылар бұл дертпен күресудің ветеринарлық саясатын құрастырып жатыр. Сондай-ақ біз халықаралық эпизоотиялық бюромен аусыл дерті бойынша бірлесіп жұмыс жасап жатырмыз. Атап өту керек, жақын арада Парижде сессия отырысы өтеді, Қазақстан аусыл дерті тарамаған аймақ статусына ие болады деп күтеміз. Балық шаруашылығын дамыту бойынша да шаруа атқарып жатырмыз. Барлық параметрлер бойынша ФАО сарапшыларын тартамыз. Олар Қазақстандағы аграрлық бизнесті дамытуға көмектеседі», - деді А.Мамытбеков.

Жозе Грациану да Сильваның сөзіне қарағанда, Қазақстанда ФАО өкілдігінің ашылуы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша халықаралық талаптарды үйлестіруге дайындығының маңызды көрсеткіші болмақ. Республикадағы экологиялық таза және бәсекеге қабілетті ауыл шаруашылық өнімдерін әлемдік нарыққа жеткізу мүмкіндерін есептей отыра, Қазақстанның басты артықшылығы - кеңсе арқылы ФАО-мен және оның құрамына кіретін елдермен тығыз қарым-қатынаста болып, жұмыстарды жылдам жүргізу болып табылады.