Көрмеге қойылған 70-тен астам жұмыста Қазақстан территориясында өмір сүріп жатқан этностардың ерекшеліктері, ұлттық мәдениеттерінің әр алуандығы көрсетілген. А.Пархоменко өз жұмыстарын фотосуреттерді кенепке аударып, онда түсірілген сәтке кәдімгі бояулармен одан сайын терең мән беру арқылы жасап шығарады. «Бүгінде мен бар күшім мен өнерімді мемлекетіміздің жеткен жетістіктері мен алған асуларын көркем түрде суреттеп беруге салып жатырмын. Ал біздің еліміздің ең үлкен жетістігі Қазақстан халқы Ассамблеясы деп айтуға болады. Сондықтан менің бүгінгі патша көңіліммен көрерменге ұсынып отырған көрмем де Қазақстанның тату-тәтті халқын көрсетуге арналады», - дейді көрме авторы. Айта кетейік, Александр Пархоменко 2006 жылдан бері жеке көрмелерін Қазақстанда ғана емес, сонымен қатар шет елдерде де өткізіп келе жатыр. Қазір суретші өз өнерін С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті мен Павлодар қаласының колледжі студенттеріне үйретуде. ҚР Ұлттық музейіндегі көрме 24 сәуірден бастап 14 мамырға дейін жұмыс жасайды.
20:45, 24 Сәуір 2015
Астанада фотосуретші Александр Пархоменконың ерекше көрмесі ашылды (ФОТО)
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Қазақстан Ұлттық музейінде белгілі қазақстандық фотосуретші, славян мәдени орталығының басқарма мүшесі Александр Пархоменконың «Менің Отаным - Қазақстан» атты көрмесі ашылды.