Астанада француз суретшісінің көрмесі ашылды

АСТАНА. 19 қаңтар. ҚазАқпарат - Кеше Астанадағы Рамада Плаза қонақ үйінде Францияның белгілі суретшісі Мартин Ривази-Оффанның көрмесі ашылды. Оған суретшінің қылқаламынан шыққан он шақты туынды қойылған. Жұмыстардың барлығы Қазақстанның пейзажына арналыпты.

Суретші күйеуінің жұмыс бабымен әлемнің көптеген елдерінде тұрған. Ол сол елдердің табиғатын негізгі тақырыбына айналдырған. Ал осыдан үш жыл бұрын Қазақстанға келіпті.

«Мені Қазақстанның табиғаты өзіне тәнті етті. Кең дала, асқар таулар, өзен-көлдер, ауыл өмірі менің шығармашылығыма шабыт берді. Соның нәтижесінде «Қайыңдардың үлкен пейзажы», «Даладағы алғашқы қар», «Отардың өрістен қайтуы (Қорғалжын маңы)» деген туындыларым дүниеге келді», - дейді суретші әйел.