Астанада «гармошка» автобустар санын көбейту көзделіп отыр

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елорда әкімдігі қалаішілік қозғалысты реттеу үшін қосарланған автобустардың санын арттыруды жоспарлауда. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Астана қаласының жолаушылар көлігі басқармасының басшысы Бекмырза Игенбердинов мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Күн сайын іші жолаушыға 90%-ға толған автобустар бойынша талдау жүргізіледі. Біздің мақсатымыз - автобустардағы жолаушылардың толымдылық көрсеткішін 70-80%-ға дейін азайту. Себебі, бұл бақылаушылардың жұмысын жеңілдетеді әрі жолаушыларға да қауіпсіз. Яғни, бұл көрсеткішке жетсек, адамдар автобуста қысылыспайды. Бұл жұмысты біз жүргізіп жатырмыз», - дейді Бекмырза Игенбердинов.

Басқарма басшысының айтуынша, қала ішінде қосымша экспресс автобустар енгізіліп, 10 және 12-ші автобустарға түсетін жүк аз да болсын жеңілдетілген.

«Бұл бағытта жұмыс жалғасын тауып жатыр. Биыл сонымен бірге, жалпы автобус парктерін жаңарту көзделуде. Күн сайын автобус парктерінің жетекшілерімен осы жұмыс жүзеге асырылып жатыр. Өткен жылы 380 жаңа автобус алдық. Ал биыл тағы қанша алуға болатыны туралы бюджетті есептеп жатырмыз. Қаржы қалалық немесе республикалық бюджеттен алынуы мүмкін. Қандай мөлшердегі қаражат туралы сөз қозғалып отырғанынан көктемге жуық хабардар етеміз. Шынын айтқанда, келесі кезеңде «гармошкаларға» баса маңыз беру жоспарланған», - дейді Бекмырза Игенбердинов.