Астанада ғарыш аппараттарын құрастыру-сынау зауыты салынады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада француз компаниясымен бірлесе отырып, ғарыш саласындағы тағы бір маңызды стратегиялық нысан - ғарыш аппараттарын құрастыру-сынау зауыты салынады.

Бұл туралы бүгін Мәжілісте Қазақстанда ғарыш саласын қалыптастыру тақырыбындағы Үкімет сағатында ҚР Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы Талғат Мұсабаев мәлімдеді. Агенттік басшысының айтуына қарағанда, «Астана - жаңа қала» арнайы экономикалық аймағында салынатын зауыт Қазақстандағы ірі ғарыштық инфрақұрылымдық нысанына айналады.

«Қарапайым тілмен айтсақ, бұл үлкен заманауи зауытта түрлі бағыттағы спутниктерді жобалау, құрастыру және сынау қалыптасады. Ол кешенге арнайы конструкторлық-технологиялық бюро да енеді. Құрылыс 2015 жылы аяқталып, іске қосылады», - деді Т. Мұсабаев. Оның сөзіне қарағанда, мұндай стратегиялық нысанның болуы еліміздің ғарыш саласы қызметіне үлкен серпін береді. «Қазақстанның ғарыш аппараттарын жобалау мен құрастырудың нарығына шығуын да қамтамасыз етеді», - деді ол.