Астанада газ алдымен жеке үйлерге тартылады - министр Бозымбаев

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанаға газ құбырын тартқаннан кейін жергілікті билік көгілдір отынды тарату желілерін тартып беруі тиіс, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаевтың айтуынша, шілде айында "Сарыарқа" газ құбырының құрылысы салтанатты түрде басталады. Ал жылдың аяғына дейін құбырдың алғашқы бөлігі - "Қызылорда-Жезқазған-Қарағанды-Теміртау-Астана" желісі аяқталуы қажет. Оған шамамен 267,3 млрд теңге жұмсалады.  "Бүгінде Қарағанды мен Ақмола облыстары, сондай-ақ Астана қаласының әкімдігі газды тарату желілеріне қатысты жоспарды әзірледі. Аталған ифрақұрылым магистраль құрылысымен қатар тартылуы қажет. Елордаға дейінгі аралықта 171 елді мекен газбен қамтылады деген жоспар бар. Ал Астананың өзінде көгілдір отын алдымен Көктал-1, Көктал-2, Теміржолшылар, Оңтүстік-Шығыстың оң және сол жағына тартылады. Сондай-ақ, жылу электр стансасына да газ тартылатын болады. Соның арқасында экологияны айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік бар", - деді Қ. Бозымбаев қоғамдық кеңестің отырысында.

Айта кетейік, бүгінгі кеңесте Қ.Бозымбаев мұнай өндіру көлеміне қатысты болжам жасады. Оның айтуынша, Қазақстанда мұнай өндіру көлемі 104 млн тоннаға жететін болады.  Жақын арада Қазақстан ішкі нарықты отандық жанар-жағар маймен толығымен қамтамасыз ете алады. "Биыл Шымкент мұнай өңдеу зауытын жаңарту жұмыстары аяқталады. Осылайша, мұнай өңдеудің жалпы көлемі 16 тоннаға жететін болады. Сосын мұнай өңдеу зауыттарын жыл сайын жөндеу уақыты 45 күннен 20 күнге дейін қысқарту туралы шешім қабылданды. Енді, 45 күндік жөндеу жұмыстары үш жылда бір рет қана жасалады. Қалған уақытта 20 күндік жөндеу жүргізіледі. Бұның барлығы жөндеу жұмыстарын басқарудың автоматты жүйесі аясында атқарылады. Аталған жүйені біз ағымдағы жылда енгізетін боламыз. Ал жөндеу мерзімі қысқарғаннан кейін мұнай өңдеу көлемі артады. Сөйтіп, әрбір зауытта дайын мұнай өнімдері шамамен 30 мың тоннаға көбейеді. Алдағы уақытта біз ішкі нарықты толығымен отандық жанар-жағармаймен қамтамасыз ете аламыз", - деп атап көрсетті Қ.Бозымбаев.