Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2015 жылғы 27 ақпандағы №156 бұйрығымен ішкі нарықтағы мұнай газының көтерме сатылымының шекті бағасы төмендеді. Осы орайда, ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің Астана қаласы бойынша департаменті газбен қамту мекемелерінде бағалардың төмендеуін қадағалау шараларын өткізді. Осы шаралар нәтижесінде «АстанаГазСервис» АҚ топтық резервуарлық құрылғымен «Теңізшевройл» ЖШС арқылы тасымалданатын мұнай газының бағасы 1 тоннасына ҚҚС қоса алғанда - 110 736,32 теңгеден 88 334,36 теңгеге дейін немесе 20,23%-ға төмендеді. Осылайша, Астана қаласының тұрғындары 7 наурыздан бастап «Астана қаласы бойынша орталықтандырылған газбен қамту» ЖШС қызметі үшін ҚҚС қоса алғанда, келесідей төлемдерді жүргізеді: - Есептегіш құрал болған жағдайда - 1м 3 үшін 314,25 теңге, бұл осыған дейінгі бағадан 63,86 теңгеге немесе 16,89%-ға арзан; - Есептегіш құрал болмаған жағдайда - бір адамға айына 672,61 теңге, бұл бұған дейінгі бағадан 136,68 теңгеге немесе 16,89%-ға арзан. Сонымен қатар «АстанаГазСервис» АҚ-ында «СНПС-Ақтөбмұнайгаз» АҚ арқылы мұнай газын көтерме сатудың бағасы ҚҚС қоса алғанда тоннасына 70 412,16 теңгеден 41 662,96 теңгеге немесе 40,83%-ға арзандады. «Бейбарыс Газ» ЖШС үшін автокөліктерге қолданылатын газ бағасы литріне 53,98 теңгені құрады. Бұдан өзге, «LPG Дистрибьюшн» ЖШС баллондағы газ бағасы 1 келісі үшін 120,5 теңгеден ҚҚС қоса алғанда 100 теңгеге төмендеді. Автокөліктерге арналған газдың көтерме сату бағасы литріне 53,13 теңгеден 43,19 теңгеге төмендеді.
16:25, 11 Наурыз 2015
Астанада газбен қамту қызметтерінің құны арзандады
АСТАНА. ҚазАқпарат - 7 наурыздан бастап Астана қаласы бойынша газбен қамту қызметтерінің бағасы төмендеді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің баспасөз қызметінен.