Астанада грэпплингтен халықаралық турнир өтеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордадағы «Көрме» орталығында грэпплингтен «ASTANA OPEN - 2019» халықаралық ашық турнирі өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі ҚР Грэпплинг қауымдастығының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«2019 жылдың 26-27 қаңтар күндері БАӘ, Бразилия, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан елдерінің грэпплинг күресінің мықтылары Астанада жиналады. «Көрме» орталығында өтетін «ASTANA OPEN -2019» халықаралық ашық турниріне 700-ден астам спортшы келеді деп күтілуде. Аталмыш турнир грэпплингтен дәстүрлі өтетін жыл сайынғы шаралардың алғаш шымылдығын ашады», - деп хабарлайды қауымдастық. 

Өткен жылғы бәсекеде Қазақстаннан бөлек, Үндістан, Ресей, Грузия, Қырғызстан және Өзбекстан елдерінің өкілдері қатысып, еліміздің спортшылары жалпы командалық есепте І орынды иеленді.

Еске сала кетсек, бұл шарадан бөлек, үстіміздегі жылы Астанада грэпплингтен әлем чемпионаты өтеді.

Айта кетейік, грэпплинг - дзюдо, самбо, джиу-джитсу, еркін, грек-рим және басқа да күрестің барлық стилін қамтитын жекпе-жектің бір түрі.