Екі күнге созылатын спорт бәсекесіне еліміздің барлық аймақтарынан 500-ге жуық спортшы қатысуда. Балалар және жасөспірімдер (1999-2006 жж) арасындағы жарыстың нәтижесіне сәйкес жеңімпаздар 2019 жылы Астанада өтетін Әлем чемпионатына жолдама алады. Биыл ұлттық құрама Қазақстан грэпплинг тарихында алғаш рет әлемнің 24 елі арасында топ жарып, жалпы есепте грэпплинг және грэпплинг гиден ІІ орынға көтерілді.
«Ел біріншілігі осымен 2 жыл қатарынан елордада өтуде. Спорт жарысы 12 мен 18 жас аралығындағы жасөспірімдерге арналған және олар ішінара жас ерекшелігі мен салмағына қарай топтарға бөленіді. Бүгінде аталған спорт түрі Қазақстанда жыл санап кеңінен етек алып келеді. Біз алдымызға Елорданы әлемдік деңгейдегі грэпплинг спортының астанасына айналдыру мақсаты қойылған. Тағы бір айта кетерлігі бұл спорттық шара демеушілер мен серіктестердің есебінен өткізілуде. Бұдан бөлек, жыл соңына дейін ересектер арасында ашық республика кубогін өткіземіз»,- деді ҚР Грэпплинг қауымдастығының президенті Қанат Алин.
Сонымен қатар, грэпплинг қауымдастығының басшысы үстіміздегі жылы аталған спорт түрі ҚР Мәдениет және спорт министрлігінен аккредитациядан өткенін және келесі жылы Астанада грэпплингтен әлем кубогы өтетінін де тілге тиек етті.
Айта кетейік, грэпплинг - дзюдо, самбо, джиу-джитсу, еркін, грек-рим және басқа да күрестің барлық стилін қамтитын жекпе-жектің бір түрі. Грэпплингтің артықшылығы - спортшылар екі секция бойынша күреседі.
Еске салсақ, осы жылдың жазында елорда төрінде ересектер арасында грэпплингтен «Қазақ батыры» атағы үшін 100-ден астам күресші бақ сынасқан болатын.
Одан бөлек, үстіміздегі жылдың 6-9 қыркүйек күндері Астанада тұңғыш рет грэпплингтен əлем чемпионаты өтті. Оған 30-тан астам мемлекеттен 1200 күресші қатысты. Еліміздің спортшылары жалпы командалық есепте ІІ орынды олжалады.