Астанада ғылым, мәдениет және өнер саласындағы үздіктер марапатталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Назарбаев орталығында ғылым, мәдениет және өнер саласында ерен еңбек етіп жүрген үздіктерге ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Қорының сыйлығы тапсырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат қордың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Іс-шарада Қазақстанның жаратылыстану, гуманитарлық, техникалық ғылымдарын дамытуға елеулі үлес қосып жүрген ғалымдармен қатар, музыканттар және әртістер салтанатты жағдайда марапатталды.

Тұңғыш Президент Қоры бірегей зерттеулер мен үздік жоба авторларын анықтауды дәстүрге айналдырған. Жас ғалымдар мен шығармашыл жастарды қолдау мақсатында 2008 жылдан бері байқау ұйымдастырылып, лауреаттар таңдалады. Конкурс музыка, театр және сурет өнерінің, кинематография, көркем әдебиет, журналистика, физика, математика, инженерлік, қоғамдық және гуманитарлық бағыттар бойынша өткізіледі. Осы күнге дейін 240 маман лауреат атанған. Бүгін тағы 18 талапшыл жас осы тізімді толықтырды. Нәтижесінде аталған конкурс бойынша Тұңғыш Президент Қорында 258 лауреат бар.

Бүгінгі марапаттау шарасына ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Парламент Сенаты Халықаралық қатынастар, қорғаныс пен қауіпсіздік комитетінің төрағасы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Қорының директоры Дариға Назарбаева, шет елдердің Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшілері, ҚР Парламентінің депутаттары, қоғам қайраткерлері, ғылым мен мәдениет қызметкерлері, ҮЕҰ өкілдері қатысты.

Сыйлық тағайындау салтанатты шарасын ашу барысында ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Қорының директоры Дариға Назарбаева жиналған қауымды келе жатқан Алғыс айту күнімен құттықтап, лауреаттарға алғыс айтты.

«Белсенділік танытқан конкурс қатысушыларына алғыс айтамын. Сіздер зияткерлік, шығармашылық жұмысыңызбен рухани құндылықтардың нығаюына, ұлттық мәдениеттің дамуына атсалысып, халықаралық аренада Қазақстан имиджін көтеріп, ел абыройын асқақтатып жүрсіздер. Сіздерге көп рахмет!», - деді ол.

Лауреаттарға диплом, төсбелгі және ақшалай сыйлық берілді.

Айта кету керек, Тұңғыш Президент Қорының лауреаттары қатарында Димаш Құдайберген, Әсел Сағатова, Әлішер Кәрімов және басқа да танымал тұлғалар бар.


Ғылым саласындағы сыйлық иегерлері:

- Нұрхат Жақиев - Назарбаев университетінің ғылыми қызметкері, PhD доктор. Сыйлық жылу электр стансаларының қуат тиімділігін 15% жоғарлататын бірегей көпфакторлы математикалық моделінің жұмысын оңтайландыру зерттеуі үшін тағайындалды.

- Альмира Жылқашинова - С. Аманжолов ат. Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің аға ғылыми қызметкері, физика-математикалық ғылымдарының кандидаты. Сыйлық деривациялық түрдегі бірегей отандық ұшқышсыз кіші гидроэлектростансасын ойлап тапқаны үшін берілді;

- Арайлы Зәкиева - Семей қ. Шәкәрім ат. Мемлекеттік университетінің Аграрлық факультеті деканының орынбасары, PhD доктор. Сыйлық климат пен топыраққа бейімделетін мол өнім беретін отандық бұршақты дақылдар ойлап тапқаны үшін тағайындалды;

- Динара Сарыбаева - Қазақ ұлттық аграрлық университетінің аға оқытушысы, PhD доктор. Премия ішек-қарын ауруларын алдын алуға және емдеуге арналған шетелдік препаратты ауыстыратын «Антакон» дәрісін дайындағаны үшін берілді;

- Хайдар Тасыбеков - әл-Фараби ат. ҚазМУ бас ғылыми қызметкері, химия ғылымдарының докторы. Сыйлық Қазақстанның полиметалл кендерінен рений, молибден және вольфрам алу үшін жоғары тиімді импорттық көміртекті сорбентті ауыстыратын зерттемесі үшін;

- Манап Жантасов - М. Әуезов ат. ОҚМУ доценті, техникалық ғылымдардың кандидаты. Премия магистралды мұнай құбырларын даттан қорғау үшін жасалған зерттемесі үшін;

- Эллина Мун - РҚ БҒМ ҒК биотехнология Ұлттық орталығының жетекші ғылыми қызметкері, PhD доктор. Премия онкологиялық дерттердің терапиясында қолданылатын дәрі-дәрмектерді отандық бірегей наножүйелік везикулярлық түрде жеткізуге арналған зерттемесі үшін;

- Нұрбек Нәдіров - Ана мен бала Ұлттық ғылыми орталығы «UMC» КҚ травматолог-дәрігері, ортопед, PhD доктор. Премия балалардың омыртқасының деформациясын жөндеуге арналған методиканы ойлап тапқаны үшін берілді.

Мәдениет пен өнер саласындағы үздіктер тізімі:

Бауыржан Ақтаев - «Астана сазы» этно-фольклорлық ансамблінің көркемдік жетекшісі. Батыс Қазақстан облысында ұлттық музыка өнерінің дамуына қосқан үлесі үшін марапатталды;

- Дина Мирманова - «Astana Musical» мемлекеттік театрының аккомпаниатор-концертмейстері. Елдің қоғамдық және мәдени өміріне қосқан үлесі үшін, жоғары кәсіби шеберлігі үшін және жоғары шығармашылық белсенділігі үшін марапатталды;

- Арман Жүдебаев - Кұрманғазы ат. Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры, «Дирижерлік» кафедрасының аға оқытушысы. ҚР музыка өнерінің дамуына қосқан үлесі үшін марапатталды;

- Айзада Капонова - «Астана Опера» Мемлекеттік опера және балет театры опералық труппасының солисі, «Құрмет» орденінің Кавалері. Қазақстанның опералық өнері саласындағы жоғары жетістіктері және Республикадағы мәдени өмірдің дамуына қосқан үлесі үшін марапатталды;

- Айгүл Азатова - Түркістан облыстық опера және балет театрының солисі. Түркістан облысындағы опера өнерінің дамуына қосқан үлесі үшін марапатталды;

- Әбілмансұр Серіков - Қуанышбаев ат. Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық-драма театрының актері. Театрда қойылған спектакльдерде басты рөлдерді сомдаған үшін марапатталды;

- Дина Байтасова - «Artios» директоры, «TSE Art Destination» замануи өнер галереясының негізін қалаушы. Қазақстанның замануи сурет өнерінің дамуына қосқан үлесі үшін мараптталды;

- Аққали Зәкіров, Ержан Танаев - «Tigrohaud crew» арт-тобы. Сыйлық Қазақстан бойынша ғимараттардың қасбетті өзгертетін арт-нысандар сериясын дайындағаны үшін табысталды;

- Никита Карев - Ш. Айманов ат. «Қазақфильм» АҚ композитор-музыканты. Отандық кинематографияның дамуына қосқан үлесі үшін марапатталды;

- Дәурен Меркеев - «КТК» АҚ бас директорының орынбасары. Әлеуметтік және мәдени мәселелерге арналған бейнероликтер мен деректі фильмдерді дайындағаны үшін.