Астанада Халықаралық Аралды құтқару қоры басқармасының бірінші отырысы өтті

АСТАНА. KAZINFORM – Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен өткен іс-шараға Қазақстанның су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов, ХАҚҚ атқару комитетінің төрағасы Асхат Оралбай, Тәжікстан Премьер-Министрінің орынбасары Сулаймон Зиезода, Түрікменстан Министрлер кабинеті төрағасының орынбасары Тангрыкули Атахаллыев, Өзбекстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Шухрат Ганиев, Қырғызстан Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Дастан Дюшекеев қатысты. 

Фото: ҚР Үкіметі

Халықаралық Аралды құтқару қоры (ХАҚҚ) – 1993 жылы құрылған және Орталық Азиядағы негізгі аймақтық органдардың бірі. Қазақстан 2026 жылға дейін ХАҚҚ төрағалығын қабылдады және бүгін Қор басқармасының бірінші отырысын өткізді. 

Фото: ҚР Үкіметі

«ХАҚҚ Орталық Азияның әлеуметтік-экономикалық әл-ауқатына ықпал ете алатын өңірлік ынтымақтастықтың қуатты ұжымдық құралына айналды. ХАҚҚ шеңберіндегі тығыз өзара іс-қимылдың және мемлекеттер басшыларының саяси ерік-жігерінің арқасында Қор Арал дағдарысына байланысты кең ауқымды мәселелерді шешуге біздің елдеріміз күш-жігерін біріктіре алды. Басқарманың қазіргі отырысы елдеріміздің күш-жігеріне қосымша серпін беретініне сенімдімін. Арал теңізі бассейніндегі су-энергетикалық ресурстарды өзара тиімді пайдаланудың ұзақмерзімді тетігі қажет. Сондай-ақ Сырдария және Амудария өзендері бассейндеріндегі энергетикалық және ирригациялық мүдделерді ескере отырып, су қоймаларының жұмыс режимдері бойынша келісілген іс-қимылдарды қамтамасыз ету қажет. Су мен энергетика қызметкерлерінің тікелей өзара әрекеттесуі климаттық жағдайларда, яғни, су тасқыны мен құрғақшылық кезінде келісілген шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді», - деп атап өтті вице-премьер Қанат Бозымбаев өз сөзінде. 

Фото: ҚР Үкіметі

Жиын барысында Қазақстан тарапы Жұмыс жоспарын ұсынды. Құжат құрылтайшы мемлекеттердің басшылары мен ХАҚҚ Президентінің тапсырмаларын іске асыруға, Қордың ұйымдық құрылымы мен шарттық-құқықтық базасын жетілдіруге арналған 10 бағыт пен 40-тан астам іс-шарадан тұрады.

Екі ауқымды жобаны: аясында өңірде 35 жоба іске асырылып жатқан Арал теңізі бассейні елдеріне көмек көрсету жөніндегі іс-қимыл бағдарламасы және Орталық Азияда орнықты даму үшін қоршаған ортаны қорғау жөніндегі өңірлік бағдарламаны одан әрі жүзеге асыру да басым бағыт саналады.