Астанада халықаралық ат спорты турнирінің финалы өтіп жатыр

АСТАНА.KAZINFORM – Елордадағы «Арғымақ» ат-спорттық сауықтыру кешенінде бір мезетте FEI Әлем кубогы турнирі, FEI Jumping World Challenge финалы және CDI1*/CDI3* халықаралық жарысы өтіп жатыр.

Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

Шабандоздар конкур (алаңдағы әртүрлі кедергілерден ат қарғыту) мен жорға сайысы бойынша сынға түседі. Турнирдің соңғы кезеңінде қатысушылар биіктігі 160 сантиметр кедергіден өтуі тиіс.

Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

Жарыс алдында спортшылар жеребе суырып, жергілікті тұлпарлардың бірін таңдайды. Шабандоздар өз жылқысымен емес, бұрын мүлде мінбеген тұлпармен өнер көрсетуге тиіс. 
Қазақстанның ат спорты федерациясының президенті Рустам Баялиев жарыстың ел спорты үшін мәні зор екенін атап өтті.

Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

– Қазақстан тарихында алғаш рет бір алаңда бірден үш халықаралық турнир өтіп жатыр. Бұл – отандық ат спортының дамуына серпін беретін, еліміздің әлемдік спорт саласындағы беделін нығайтатын маңызды қадам. Астана әлемнің түкпір-түкпірінен келген шабандоздарды, халықаралық сарапшыларды және ат спорты қауымдастығын тоғыстыратын маңызды орталыққа айналып отыр, - деді ол.

Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

Қазақстан құрамасының атынан сайысқа 11 спортшы қатысып жатыр. Ат спортынан ҚР құрама командасының бас бапкері Әсет Толқынбековтің айтуынша, жарыс отандық шабандоздардың тәжірибесін арттырып қана қоймай, ұлттық команданың халықаралық рейтингіде жоғарылауына мүмкіндік береді. 

Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

– Бүгінгі дода – Еуразия лигасының алғашқы кезеңдердің бірі. Бұған дейін турнир Өзбекстанда және Қырғызстанда өтті. Төртінші кезең Астанада ұйымдастырылып отыр. Қазір Қазақстан спортшысы Олег Соколенко жалпы есепте бірінші орында тұр. Біздің спортшылар жоғары деңгейде өнер көрсетеді деп сенеміз. Барлық қатысушының дайындығы мықты, аттардың да бабы жақсы, - деді бапкер.

Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

Турнирге келген шетелдік қонақтар ұйымдастыру деңгейіне оң баға берді. Еуразиялық ат спорты қауымдастығының басшысы Марина Сечина жарыстың деңгейі жоғары екенін атап өтті. 

Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

– Біз бүгін тарихи сәттің куәсі болып отырмыз. Астанада бір уақытта конкур, жоғары деңгейдегі үш жұлдызды бәйге және жас спортшыларға арналған челлендж өтіп жатыр. 

Ұйымдастырушылар тынымсыз еңбек етіп, спортшыларға қолайлы жағдай жасағаны көрініп тұр. Ең бастысы – спортшылар бір-бірімен танысып, тәжірибе алмаса алады. Бұл тек жарыс емес, халықаралық спортшылардың басын қосатын алаң, - деді Мария Сечина.

Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

Әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған шабандоздар аттарының айылын қайта тексеріп әлек болды. Колумбиядан келген қатысушылардың бірі Эмилиана Лондоньо қаладан әсер алғанын жасырмады.

Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

– Қазақстанға алғаш рет келіп тұрмын. Астана да, турнирдің ұйымдастыру деңгейі де көңілімнен шықты. Бүгін бар күшімді салып, жеңіске жетуге тырысамын, - деді жас спортшы.

Үндістаннан келген Джеффри Кендалл турнир деңгейіне тоқталды. 

Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

– Сайысқа ұлым Нилды алып келдім. Бұл – Қазақстандағы алғашқы жарысымыз. Ұлым былтыр FEI World Challenge іріктеуінде әлем бойынша бесінші орын алған еді. Ұйымдастырушылардың жұмысын жоғары бағалаймын, қатысушылар мен қонақтарға қолайлы жағдай жасалған, - деді ол.

Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

Жарыс кеше басталған, 31 мамырға дейін жалғасады. Оған Бразилия, Колумбия, Үндістан, Марокко, Жаңа Зеландия, Оңтүстік Африка, Мысыр, Эквадор, Ресей, Өзбекстан, Қазақстан және өзге де елдерден келген спортшылар қатысып жатыр. Додада топ жарған шабандоздар Германияның Аахен қаласында өтетін FEI 2026 әлем чемпионатына жолдама алады. 

Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

Айта кетейік, бұған дейін Ташкент қаласында өткен Fédération Équestre Internationale (FEI) бекіткен халықаралық ат спорты турнирінде Қазақстан құрамасы жүлде алғанын жазған едік.

Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

Дария Ғұмар