Оның сөзінше, іс-шаралар бағдарламасы балалардың жас ерекшеліктері мен отбасылардың қызығушылықтарын ескере отырып, тақырыптық блокқа бөлінген.
«Бесік әлемі»: елорданың ең кішкентай тұрғындарына арналған
– «Бесік әлемі» атты алғашқы тақырыптық блок 0-ден 3 жасқа дейінгі бүлдіршіндерді қамтиды. Солардың бірі – 1 маусым күні Отан қорғаушылар саябағында жас отбасылардың қатысуымен өтетін «Арба Fest» арбалар шеруі». Сонымен бірге сол күні Президент саябағында еңбектеп жүретін сәбилер арасында «Шапшаң бөбек» спорттық жарысы өтеді,-деді басқарма басшысы.
Сондай-ақ ол 26 мамырда алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарында «Балаға қамқорлық - ұлтқа қамқорлық» атты Ашық есік күні ұйымдастырылатынын атап өтті. Онда сәбилер профилактикалық тексеруден өтіп, дәрігерлер кеңес беретін болады.
«Балапан әлемі»: 3 жастан 6 жасқа дейінгі балалар үшін
– Елордада мектепке дейінгі жастағы балалар үшін «Балапан әлемі» тақырыптық блогы ұйымдастырылады. Оның аясында ойын-сауық, шығармашылық және білім беру бағытындағы іс-шаралар өтеді. 1 маусым күні Қуыршақ театры кішкентай көрермендеріне «Күлшеқыздың шыны шәркейі» спектаклін ұсынады, ал Есіл өзенінің жағалауында Амфитеатрда отандық және шетелдік әртістердің қатысуымен Халықаралық клоундар фестивалі өтеді,-деді спикер.
Сонымен қоса қаланың балабақшаларында «Біз бақытты балдырған» челленджі, «ART-FEST: Балалық шақ бояулары» Open Air фестивалі, «Super Мама & Super Папа» отбасылық спорттық ойындары және бүлдіршіндерге арналған «Қауіпсіздік сабақтары» атты білім беру тренингтері ұйымдастырылатынын жеткізді. Сондай-ақ балаларды таза ауадағы интерактивті ойындар мен асфальтқа сурет салу шаралары күтеді. Қалалық емханаларда балаларды профилактикалық стоматологиялық тексеруден өткізу бойынша Ашық есік күні өтетінін де еске салды.
«Білім мен арман әлемі»: оқушыларға арналған танымдық демалыс
– Оқушылар үшін театрларға, циркке, мұражайларға бару, елорданың көрікті жерлеріне экскурсиялар және кинотеатрларға саяхаттар ұйымдастырылады,-деді Серік Тәукеұлы.
Еске салайық, 1 маусымнан бастап қала бойынша мектеп жанындағы лагерьлер өз жұмысын бастайды. Онда балалар жазғы демалысын қызықты әрі пайдалы өткізе алады. Спикердің сөзінше, қалалық алаңда балалар музыкалық мектептерінің қатысуымен «Балалық шақ» концерттік бағдарламасы өтеді.
«Жас өркен»: жасөспірімдерге арналған
– 11-14 жас аралығындағы жасөспірімдер үшін белсенді, танымдық және қауіпсіз демалысты дамытуға бағытталған «ЖАС ӨРКЕН» тақырыптық блогы дайындалды. Бағдарлама аясында 29 мамыр күні «Жасыл ел» жазғы еңбек маусымының салтанатты ашылуы және М. Өтемісов атындағы Оқушылар сарайы алаңында «Bala energy» Open-air фестивалі өтеді»,-деді басқарма басшысы.
Бұдан басқа «Мейірімділік шуағы» әлеуметтік-инклюзивті акциясы, «Ethno Games АрқаLan» ұлттық ойындар фестивалі және «Халық добы» жаппай спорттық жарыстары ұйымдастырылатынын тілге тиек етті.
«Болашаққа қадам»: технология, көшбасшылық және жаңа мүмкіндіктер
Спикердің сөзінше, «Болашаққа қадам» атты бесінші тақырыптық блок 15-17 жас аралығындағы жасөспірімдерге арналған.
– Астанада инженерияға, инновацияға және робототехникаға қызығатын оқушылардың басын қосатын «Astana FIDA Drone Soccer Championship» халықаралық дрон-футбол чемпионаты өтеді. 1 маусым күні «QosymshaFest» фестивалі ұйымдастырылады. Студенттерге киберқауіпсіздік бойынша шеберлік сабақтары өтеді. Сонымен қатар депутаттармен, мемлекеттік органдар басшыларымен және қоғам қайраткерлерімен «Бала үні» атты кездесу ұйымдастырылады»,-деді ол.
«Бақытты отбасы»: отбасылық фестивальдер мен абаттандырылған аулалар
Басқарма басшысының айтуынша, мереке күндері елорданың алаңдарында, саябақтарында отбасылық іс-шаралар өтеді. Қала тұрғындары мен қонақтары үшін «Экомамафест 2026», «БөпеFair» және «Bala Fest» фестивальдері ұйымдастырылады. 1 маусым күні «Мереке» саябағында жас отбасыларға арналған «Отбасы - бақыт мекені» сурет салу курсы өтеді.
– Сонымен қатар Балаларды қорғау күніне орай елордада күрделі жөндеуден кейінгі аула аумақтарының салтанатты ашылуы жоспарланған. Жаңартылған аулаларда заманауи балалар ойын кешендері, спорттық және жаттығу алаңдары орнатылады,-деп атап өтті спикер.
Бұдан бөлек спикердің сөзінше, мерекелік бағдарлама аясында балалардың қауіпсіздігі мен кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу мәселелеріне баса назар аударылып отыр. Елорданың барлық ауданында балалар үшін қауіпсіз орта қалыптастыруға және құқықтық сауаттылықты арттыруға бағытталған акциялар мен іс-шаралар, оның ішінде «Қауіпсіз аула» акциясы мен «Жасөспірім» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтеді.
Бұған дейін порталымызда балалар лагерьлеріне бірыңғай талап енгізілгені жайлы жаздық.