Астанада халықаралық геологиялық форум өтеді

Фото: Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі

АСТАНА. KAZINFORM — Астанада 2026 жылдың 2-3 сәуір күндері Орталық Азия елдерінің үкіметтері, мемлекеттік органдары, ұлттық геологиялық қызметтері мен ірі бизнес компаниялары өкілдерінің басын қосатын GEOSCIENCE & EXPLORATION CENTRAL ASIA халықаралық геологиялық форумы өтеді. Бұл туралы ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі хабарлады.

Шараға 20-дан астам елдің өкілдері қатысып, геологиялық ресурстарды зерттеу, болжау және игеру саласындағы стратегиялық мәселелерді талқылайды. Форумда сала көшбасшылары мен шешім қабылдайтын тұлғалар геология саласының стратегиялық дамуы, халықаралық ынтымақтастықтың жаңа үлгілері және жер қойнауын тұрақты пайдалану мен ұзақ мерзімді инвестициялар тақырыптарын қарастырады.

— Бұл форум — геотехнологиялар, жер қойнауын пайдалануды цифрландыру және ESG бағытындағы шешімдер ұсынуға, сондай-ақ салалық серіктестікті дамытуға мүдделі компаниялар мен сарапшылар үшін бірегей алаң. Қатысушылар мемлекеттік құрылымдар, инвесторлар және салалық көшбасшылар мен тікелей диалог орнатып, стратегиялық талқылауларға қатысып, халықаралық меморандумдарға қол қою мүмкіндігіне ие болады. Сонымен қатар геологиялық нарықтың болашағы қалыптасып жатқан өңірде жаңа нарықтарға шығу және өз позицияларын нығайту үшін тиімді алаң болады, — делінген ақпаратта.

Форум бағдарламасы:

  • екі күндік тақырыптық сессиялар;
  • мемлекеттік органдар мен халықаралық ұйымдар өкілдерінің қатысуымен пленарлық пікірталастар;
  • озық технологиялар көрмесі;
  • инновациялық жобалардың презентациялары;
  • жас мамандарды қолдауға арналған арнайы сессиялар.

GEOSCIENCE & EXPLORATION CENTRAL ASIA — ғылым, бизнес және мемлекеттің серіктестігін арттырып, геологиялық нарықтағы стратегиялар мен мүмкіндіктерді айқындайтын негізгі диалог алаңы.

Бұған дейін Қазақстандағы геологиялық зерттеуде қандай жетістіктер бар екендігі жөнінде жазған болатынбыз.