Бүгінде олимпиадаға дайындық мемлекеттік институттарды, білім беру қауымдастығын және еліміздің ірі бизнес өкілдерін ортақ мақсатқа жұмылдырды. Ауқымды іс-шараның бас серіктесі Kaspi.kz болды. Freedom Holding Corp. өзінің «Freedom Шапағат» корпоративтік қайырымдылық қоры арқылы «Бриллиант» серіктес мәртебесін иеленді. Ал Documentolog және Higgsfield AI компаниялары «Алтын» серіктестер қатарына қосылды.
Жетекші компаниялардың қолдауы жобаның ауқымын кеңейтіп қана қоймай, бизнес қауымдастықтың дарынды жастарды дамытуға, инженерлік ойлау мәдениетін нығайтуға және болашақ технология көшбасшыларды тәрбиелеуге деген жоғары қызығушылығын көрсетеді.
Қазіргі экономикада адам капиталын дамыту айрықша маңызды. Осы тұрғыдан инновация мен заманауи цифрлық дамудың жарқын үлгісіне айналған Kaspi.kz компаниясының жобаға қолдау білдіруі – қисынды әрі маңызды қадам.
– Қазақстанның Халықаралық жасанды интеллект олимпиадасы – IOAI 2026-ны қабылдайтынын зор мақтанышпен атап өтеміз. Бұл – әлемдік деңгейдегі маңызды оқиға әрі қазақстандық мектеп оқушылары мен студенттері үшін өз талантын, білімін және биік мақсаттарын көрсетуге берілген үлкен мүмкіндік. Kaspi.kz өз өнімдері мен сервистерін миллиондаған клиенттер мен жүздеген мың кәсіпкер үшін барынша ыңғайлы, қауіпсіз әрі пайдалы ету мақсатында жасанды интеллект технологияларын белсенді түрде дамытып, кеңінен қолданып келеді. AI олимпиадасын қолдау – Қазақстанда болашақ технологияларды жасайтын жаңа буын мамандарын тәрбиелеуге қосқан үлесіміз. Біз үшін жас қазақстандықтардың заманауи технологияларды тек пайдаланушысы ғана емес, оларды жасаушысы болуы маңызды. IOAI 2026 олимпиадасының бас серіктесі атанғанымызға қуаныштымыз және Федерацияға сенім мен серіктестік үшін алғысымызды білдіреміз. Қазақстан құрамасына жаңа жеңістер мен толағай табыстар тілейміз! – деді Kaspi.kz негізін қалаушы және басшысы Михаил Ломтадзе.
Жаңа буынның кәсіпкерлік және инвестициялық ойлауын дамыту да аса өзекті бағыттардың бірі. Бұл бағытты білім саласындағы және жастар бастамаларын тұрақты түрде қолдап келе жатқан Freedom Holding Corp. компаниясының қолдауы күшейте түседі.
– Қазақстан жаһандық цифрлық трансформациядан өзінің бірегей даму жолын қалыптастыра алды. Елімізде жасалған қолайлы жағдайлардың арқасында біз тек өз AI-технологияларымызды дамытып қана қоймай, халықаралық нарықтарға да шығып жатырмыз. Алайда мықты мамандарсыз бұл қарқынды сақтап, бәсекеде жеңіске жету мүмкін емес. Сондықтан Freedom Holding үшін талантты мамандарды дамыту мен қолдау инфрақұрылымды дамыту секілді маңызды бағыттардың бірі болып табылады.. Біз дәл осындай тәсіл арқылы ғана Қазақстан әлемдік деңгейдегі цифрлық өнімдер жасап, өңірдегі негізгі ойыншылардың бірі бола алады деп сенеміз. IOAI 2026 олимпиадасын қолдау арқылы біз еліміздегі AI-қозғалысты жеделдетіп, жастарға осы болашағы зор салада өз жолын табуға көмектескіміз келеді, – деді Freedom Holding Corp. бас атқарушы директоры Тимур Турлов.
Documentolog тарапының олимпиадаға қолдау көрсетуі компанияның жасанды интеллектіні дамытуға және технологиялық мамандардың жаңа буынын даярлауға бағытталған стратегиялық фокусын көрсетеді. Documentolog – Қазақстандағы автоматтандыру нарығының көшбасшысы, d8n.ai мультиагенттік AI-платформасының және мемлекет пен бизнесті цифрландыруға арналған бағдарламалық шешімдердің әзірлеушісі.
Олимпиаданы қолдауға Higgsfield AI компаниясының қосылуы да ерекше маңызды. Жасанды интеллекттің жаһандық нарығында жұмыс істейтін жаңа буын компаниясының қатысуы Қазақстанның әлемдік технологиялық үдерістермен тығыз байланысын айқын көрсетеді.
– Higgsfield компаниясының негізін қалаушылар – халықаралық олимпиадалардың бұрынғы қатысушылары. Бүгінде біздің командада осындай олимпиадалық тәжірибесі бар инженерлер мен зерттеушілер жұмыс істейді. Біз мұндай жарыстардың құндылығын жақсы түсінеміз және технологиялар болашағын айқындайтын талантты жастардың жаңа буынын қолдауға қуаныштымыз, – деп атап өтті компания өкілдері.
Қазақстан спорттық бағдарламалау федерациясының басшысы Бағдат Мусин мұндай серіктестердің олимпиада төңірегінде топтасуы ұлттық технологиялық экожүйенің кемелденгенін және интеллектуалдық спортқа қызығушылықтың артып келе жатқанын көрсететінін айтты.
– Бүгінде интеллект пен жастарға салынған инвестиция – ең сенімді даму стратегиясы. Астанада өтетін Халықаралық жасанды интеллект олимпиадасы Қазақстан таланттарының әлеуетін әлемге танытып, жаһандық технологиялық болашақтың бір бөлігіне айналуға мүмкіндік береді, – деді ол.
IOAI 2026 олимпиадасының өтуі Қазақстанның білімге, инновацияға және адам капиталына басымдық беретін мемлекет ретіндегі халықаралық беделін одан әрі нығайтады.