Астанада халық санын шектеу тек адам тұруға арналмаған ғимаратты жалға бергендерге қатысты болады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова өзі айтқан Астананың халық санын шектеу ұсынысына қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Шектеуге қатысты тоқталайын. Астанада тұруға, келіп-кетуге шектеу жоқ. Мұндағы шектеу тек адам тұруға арналмаған ғимаратты жалға бергендерге қатысты болады. Мысалы - гараж. Оны жалға алып тұрғандар бар. Оған (адамды-автор түсіндірмесі) тіркеуге алынбайды. Осы нысанды жалға берген адамның жауапкершілігін күшейту туралы ұсыныс жасалды. Атап айтқанда, айыппұл мөлшерін 15 АЕК-тен 30 АЕК-ке (51 750 теңгеден 103 500 теңгеден) дейін көтеру жоспарлануда», - деді Тамара Дүйсенова.

Еске салайық, бүгін Үкімет отырысынан кейін БАҚ өкілдерінің сауалына жауап берген вице-премьер Тамара Дүйсенова «Астанада халық санын шектеу дұрыс», деп пікір білдірді.