Астанада халықаралық «AgriTekAstana' 2014» ауыл шаруашылығы көрмесі өтеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - 12-14 наурыз аралығында Астана қаласындағы «Көрме» орталығында 9-шы халықаралық «AgriTekAstana' 2014» ауыл шаруашылығы көрмесі өтеді, деп хабарлайды Қазақстан баспасөз клубынан.

Шара ҚР Ауылшаруашылығы министрлігінің, сондай-ақ «НҰХ ҚазАгро» АҚ, Қазақстан фермерлері одағының, Қазақстан құс өсірушілері одағының, Қазақстан ет-сүт одағының және Қазақстан жылыжайлары қауымдастығының қолдауымен өткізілмек. Көрме ресми түрде ертең, яғни 12 наурыз күні сағат 12.00-де салтанатты ашылады.

Көрмеде көпшілік назарына ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтары, қосалқы бөлшектер, суару және тыңайту технологиялары, өсімдіктер тұқымдары мен көшеттер, өсімдіктерді қорғау заттары, құс және мал өсіру үшін қажетті жабдықтар мен технологиялар, мал жемдері, ветеринарлық технологиялар және т.б. ұсынылмақ. Көрме есігі келем деушілерге таңғы сағат 10-нан бастап кешкі сағат 18.00-ге дейін ашық.