Астанада халықаралық іздеу жарияланған әккі алаяқ қолға түсті

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Полицейлер бұрын іздеуде болған Бауыржан Әсімхановты ұстады. Бұдан бұрын Астана қалалық ІІД Бауыржан Әсімхановқа халықаралық іздеу жарияланғаны хабарланған еді, деп мәлім етті ведомствоның баспасөз қызметінен.

Астана қалалық ІІД тергеу басқармасы Б.Әсімхановқа қатысты аса ірі көлемде алаяқтық жасау фактісі бойынша қылмыстық істі тергеуде.

Полиция қызметкерлерінің ақпаратына сүйенсек, Б.Әсімхановтың әрекетінен зардап шеккендер шығынының жалпы сомасы 230 мың доллар болған. Зардап шегушілердің айтуынша, ол бірін көлік жеткізіп беремін деп алдаса, екіншісінен бірлесіп бизнес ашамыз деп ақша алған. Оның әрекетінен зардап шеккендер саны бұдан да көп болуы мүмкін. Астана қалалық ІІД Б.Әсімхановтың алаяқтық әрекетінен зардап шеккендер болса, елордалық полицияға 8(7172) 71-63-34, 71-63-72 телефондары бойынша хабарласуларын немесе 102 нөміріне қоңырау шалуларын сұрайды.