Астанада халықаралық қоғамдық көлік одағының кеңсесі ашылады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Халықаралық инвестициялық форум аясында «ASTRA» (Astana Transport Authority) қалалық транспорттық басқару компаниясының таныстырылымы өтті. Өнеркәсіптің негізгі бағыттары көлік, көлік жоспарлау, көлік инфрақұрылымы және көлік кешенін басқару болып табылады, деп хабарлады astana.gov.kz.

Компания бақылауында қоғамдық көлік түрлері, атап айтқанда, LRT, қалалық автобустар, қала маңындағы және мектеп автобустары, қалалық такси және автотұрақ жүйесі болады деп жоспарлануда. Халықаралық тәжірибе негізінде басқарушы компанияны қалыптастыру - көліктің барлық түрлерін бірыңғай жоспарлап, басқаруға және көлік жүйесінің интеграциясын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

«Біз бірқатар көліктік жобаларды қамтитын бірегей холдинг құру және бірыңғай басқару операциялары туралы айтып отырмыз. Инвестициялық форумға қатысты, қазіргі уақытта жүзеге асырылып келе жатқан көлік кешені форматын инвестициялау үшін тартымды етіп көрсету біздің мақсатымыз болып отыр», - деді "Астана LRT" ЖШС транспорт бойынша директоры Рустам Халилев.

Мұндай компаниялар әлемнің 40-тан астам елдерінің ірі қалаларында, соның ішінде Нью-Йорк, Ыстамбул, Париж, Дубай, Чикаго, Милан, Сингапур, Гонконгта бар. Халықаралық инвестициялық форумның бірінші күнінде қоғамдық көлік саласының сарапшысы Франко Гацотти және Халықаралық одақтың бірінші хатшысы Мохамед Мезгани «Тарифтік саясат» және «Жолақыны электрондық жүйемен төлеу» тақырыптары бойынша семинар өткізді.

Айта кету керек, ертең елордада (UITP) Халықаралық қоғамдық көлік одағының кеңсесі ашылуы туралы келісім-шартқа қол қою рәсімі өтеді.