Астанада халықаралық мәдениеттер және діндер орталығы таныстырылды

АСТАНА. Сәуірдің 1-і. ҚазАқпарат /Нарымбек Ысмағұлов/ - Елордадағы Бейбітшілік және келісім сарайында шетелдік қонақтардың қатысуымен халықаралық мәдениеттер және діндер орталығының таныстырылымы өтті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының ІІ съезі барысында Халықаралық мәдениеттер және діндер орталығын құру қажеттігін айтқан болатын, - деді ҚР Әділет министрлігініің Дін істері комитетінің төрағасы Ардақ Досжан. ? Орталықтың басты міндеті халықаралық ұйымдармен өзара іс-қимылды жолға қою, алдағы ІІІ съезге әзірлік, төзімділіктің қазақстандық моделін насихаттау болмақ». Кездесу барысында қатысушылар, олардың арасында болған Үндістаннан, Мысырдан, Түркиядан, Германиядан келген әртүрлі конфессия өкілдері, сондай-ақ халықаралық ұйымдардың сарапшылары заманауи міндеттерді, мәдениеттер тұтастығы және төзімділік мәселелерін бірлесе шешу жайын талқылады. Естеріңізге сала кетейік, биылғы шілденің 1-2-сі күндері Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының ІІІ съезі өтпек.