Астанада халықаралық тұғырнаманың болуы Қазақстанның жасыл экономикаға көшу ниетінің түпкілікті екендігін қуаттайды - V АЭФ қатысушылары
Осы форумда Мемлекет басшысы G-GLOBAL-дың 5 қағидатын атаған еді. Бірінші: Революция емес, эволюция. Екінші: Әділеттілік, теңдік, консенсус. Үшінші: Жаһандық толеранттылық және сенім. Төртінші: Жаһандық транспаренттілік. Бесінші: Сындарлы көпқырлылық.
Президент Астана экономикалық форумын «G-Global» жобасы үшін база жасауды ұсынған еді. Бұл ұсыныстың әлемдік қоғамдастық тарабынан зор қызығушылық туындатқанына 2012 жылдың қаңтарында «G-global» интернет алаңы құрылған кезде миллионнан астам адамның аталған сайтқа кіргендігі айқын дәлел бола алады. Сонымен қатар 147 елден 30 мыңнан астам пайдаланушы оның тұрақты қатысушысына айналды. Форум қатысушыларның ұсыныстарын ескере отырып, «Үлкен жиырмалық» елдерінің көшбасшыларына 5 бөлімге топтастырылған ұсыныс әзірленді. Оның алғашқы үшеуінде экономикалық тұрақтандыру, қаржы жүйесін нығайту және халықаралық қаржы архитектурасын жақсарту мәселелері қозғалса, соңғы екеуінде жаһандық ауқымдағы азық-түлік қауіпсіздігі, тұрақты даму мен «жасыл экономикаға» септесу туралы айтылады.
Аталған мақсаттарға қол жеткізуде олар халықаралық сауда жүйесіне сенімді қалпына келтіру, азық-түлік нарығындағы қарбаластықтың алдын алу, өнімдерді гендік модификафиялау нарығына бақылауды күшейту үшін Дүниежүзілік сауда ұйымының Доха раунды келіссөздерін аяқтауға кеңес береді.
Бұл ретте форум қатысушыларының пайымынша, денсаулыққа зиянды азық-түлік тауарларын жаппай тұтынуға жол бермеу мақсатында қазіргі уақытта қолданыстағы санитарлық, ветеринарлық және фитосанитарлық бақылау сертификаты әдісіне генетикалық модификацияланған ағзадан дайындалған түбегейлі жаңа азық-түліктерінің пайда болуына байланысты нано-, генинженерлік және жасуша технологияларының халықаралық стандарттары жүйесін қабылдау қажет.
Одан әрі «Тұрақты дамуға, жасыл өсімге және климаттың өзгеруімен күреске жәрдемдесу» бөлімінде «жасыл экономикаға» көшу барысында әлемдік энергия тұтыну көлемі бастапқыда біршама ұлғаятындығы айтылған. Одан кейін 2050 жылға қарай негізінен энергия тиімділігінің айтарлықтай артуына байланысты қазіргі деңгейге түседі, яғни, қарапайым даму сценарийіне қарағанда 40 пайызға кем болады. Энергетикалық шығарындылармен байланысты көмірқышқыл газы 2050 жылға қарай олардың қазіргі деңгейімен салыстырғанда үштен бір есеге қысқарады. Ал бұл шығарындылардың атмосферадағы шоғырлануы жаһандық жылынуды шектеу үшін қажетті екі градус цельсий деңгейіне жетеді. Тұрақты өсімге көшу қажет.
Форумның бірінші ұсынысы - жасыл технология жүйесі.
Жаңа идеология балама энергетика мен жасыл өсімді дамыту, сондай-ақ осы саладағы тәжірибелермен, ғылыми-зерттеу нәтижелерімен алмасу болуы тиісті. Жаһандық деңгейде «ең үздік қолжетімді технологиялар» тәжірибесін кеңейту ұсынылады. Тағы бір ұсыныс - «жасыл» тауарлар тізбесін құру. Бұл ретте сауда-саттық кедергілерінің барлық түрлерін алып тастау үшін жаһандық басымдықты тауарлардың жаңаратын тізбесін құру мәселесі алға тартылуда. Үшінші ұсыныс - тұрақты даму инфрақұрылымдарына инвестиция құю.
Аталған бөлімдегі төртінші ұсыныста 5-ші Астана экономикалық форумына қатысушылар дамыған және дамушы елдерде жаңаратын энергияны дамыту туралы декларация қабылдау қажеттігі туралы сөз қозғайды.
Тиісінше әрі уақытылы даму барысында жаңаратын энергетиканың мүмкіншілігі қазірдің өзінде белгілі. Ол 2100 жылға қарай ғаламшарлық ауқымда энергияның болжамды тұтынуы көлемінен шамамен 3 еседен асып түсе алады. Осыған орай дәстүрлі энергия көздерінен жаңаратын энергия көздеріне қауіпсіз көшуді қамтамасыз етуге қауқарлы сәйкесінше халықаралық құжаттың болуы да өте маңызды.
«Жасыл көпір» және Астанада халықаралық тұғырнама құру туралы 5-ші ұсыныста форум қатысушылары Қазақстанның аталған бастамасына қолдау білдіретіндіктерін атап өткен. Олардың пайымынша, бұл ірі жоба жасыл дамудың ең үздік модельдері үшін өңіраралық негіздерді нығайту мақсатында маңызды алаң қызметін атқара алады. Астанада халықаралық тұғырнаманың болуы Қазақстанның жасыл экономикаға көшудегі ниетінің түпкілікті екендігін қуаттай түседі.