Астанада «Хайвил» тұрғын үй кешенінде жасырын ойынхана жұмыс істеген

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласы бойынша МТД ЭТҚ қызметкерлері «Хайвил» ТК-де тағы бір заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру фактісін анықтады.

Астана қаласы бойынша Мемлекеттік табыс департаментінің баспасөз қызметінде хабарлауынша, тұрғн үй кешенін тексеру барысында покер үстелі, фишка, ойын карталары және 400 доллар мен 81 200 теңге ойын кассасы тәркіленді.

Жауап алынған ойыншылар пәтерде шынымен ақша тігіліп покер ойындары өткізілгенін айтты, оның ұйымдастырушысы Х. есімді біреу. Ол ойынның басталғанын алдын ала хабарлап, әр  ойыншыны шақырып отырған.

Екі куәгер Х. шақыртуы бойынша дилер боп жұмыс істегенін, сол үшін жалпы ақшадан 10 пайыз иеленіп отырғанын айтып берді.

Күдікті Х. қылмысын мойындады, жасаған әрекетіне өкініш білдірді. Бұдан басқа оған қатысты қылмыстық істі жедел тәртіпте аяқтау туралы өтінішпен жүгінді.

2016 жылғы  26 қыркүйекте қылмыстық іс Астана қаласы Алматы ауданының прокуратурасына жіберілді.

Сондай-ақ «San-Marino» қонақүйінде заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру фактісінің жолы кесілді. Оқиға орнын тексеру барысында покер ойынына арналған фишкамен кейс, жасыл түсті шұға, жалпы сомасы 77 мың теңге ақша, басқа да заттар тәркіленді.

Бұл факті бірыңғай соталды тергеу тізіліміне тіркелді. Сот алды тергеу жүргізілуде.