Астанада «Хазірет Сұлтан» мешітінде тұтанған өрт толығымен сөндірілді

АСТАНА. 15 қаңтар. ҚазАқпарат /Жасұлан Жолдыбаев/ - Астанада жаңадан салынып жатқан «Хазірет Сұлтан» мешітінде тұтанған өрт толығымен сөндірілді.

Бұл туралы Астана қаласы бойынша Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінен хабарлады.

Өрт сағат 17.49-да толығымен ауыздықталды. Алдын ала мәліметтерге қарағанда, өрттің аумағы 800 шаршы метрді құрайды.

Тілсіз жауды ауыздықтауға ТЖД-нің 171 қызметкері мен 35 техникасы жұмылдырылды. Болжам бойынша, өрт дәнекерлеу жұмыстары кезінде тұтанды. Төтенше жағдай туралы хабар сағат 15.19-да түсті, өрт сөндірушілер оқиға орнына 10 минуттан соң жетті. «Хазірет Сұлтан» мешітінің өртенуі кезінде бір ер адам көз жұмды. Оның тұлғасы анықталып жатыр.

Айта кетейік, осы күнге дейін мешіттің құрылысы 90 пайызға аяқталып, тек ою-өрнек, бояу жағу, декоративті жұмыстар ғана қалған болатын. 3 қабаттан тұратын мешітте неке қию залы, асхана, техникалық бөлмелер, имамдардың кабинеттері орналасатын болады. 5000 адамға есептелген діни мекеменің ауданы 18 мың шаршы метрді құрайды. Ал нысанның алып жатқан жалпы аумағы - 12 гектарға жуық. Мешіттің күмбезі Қазақстан бойынша ең үлкен деп айтуға болады. Оның диаметрі 28 метрден астам. Ал биіктігі 52 метрді құрайды. Нысанның 4 мұнарасының биіктігі 77 метрге тең.