Астанада хоккейден жасөспірімдер арасында халықаралық турнир аяқталды

Фото: Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM - Астана қаласында шайбалы хоккейден 2011 жылғы жасөспірімдер арасында халықаралық «UTLCIceCUP 2025» турнирі мәресіне жетті.

Биыл бесінші мәрте жалауын желбіреткен турнирге елордалық «Барыс», Ресейдің «Локомотив» (Ярославль), «СКА академиясы» (Санкт-Петербор), «Авангард» (Омбы), Беларусьтің «Динамо» (Минск), Қытайдың «BeijingGLC» (Бейжің) командалары келді.

Елордалық «Барыс» өрендері үшінші ойын сайыста «СКА академиясы» (Санкт-Петербор) клубымен кездесті. Ойын барысында ресейлік клубтан Вадим Кирюханцев 14-минутта мергендік танытты. Оған астаналық командадан Мухаммад Бекболов 15, 19-минутта екі голмен жауап берді.

Кездесу барысында «Барыс» қақпашысы Асанәли Жанғозин 25 соққыны қайтарып, жақсы көрсеткішімен көзге түсті.

Осылайша елордалық жас хоккейшілер қарсыласынан 2:1 есебімен басым түсіп, турнирдің қола жүлдегері атанды.

Бұл матчта Даниил Копысов және Руслан Палаев ойынның үздігі болды.

Финалда Ресейдің «Локомотив» (Ярославль) және «Авангард» (Омбы) клубтары шеберлік байқасты. Аталған кездесуде омбылық хоккейшілер 11:4 есебімен жеңіске жетіп, турнирдің чемпионы атанды.

Осыған дейін хоккейден Қазақстан жасөспірімдер құрамасы жолдастық кездесуде Венгрияны жеңгенін жазған едік.