Астанада хоккейші қыздар арасында ел чемпионаты өтті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордадағы «Алау» мұз сарайында 8 және 13 жас аралығындағы хоккейші қыздар арасында ҚР чемпионаты өтті. ҚазАқпарат бұл туралы қала әкімдігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: gov.kz

Біріншілікке еліміздің әр өңірінен келген 7 команда қатысты. Олар 3 күн бойы айналмалы жүйеде мачтар сериясын өткізді.

Нәтижесінде жергілікті «Астана» командасы бас жүлдені жеңіп алды. Үздік үштікті Алматы мен Өскемен қаласының құрамалары түйіндеді.

Жеңімпаз командаларды марапаттау рәсіміне Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Самат Жылқыбаев, Мәжіліс депутаты Павел Казанцев және Астана қаласы мәслихатының депутаты Нұрлан Муслим қатысты.

«Елімізде әйелдер хоккейінің дамуына, әсіресе болашақ чемпиондарды бала жастан тәрбиелеуге ерекше көңіл бөліне бастады. Оған дәлел бүгінгі жарыс. Былтыр ел чемпионатына 5 команда келіп еді. Биыл көрсеткіш 7-еуге жетті. Яғни жыл өткен сайын осы спорт түріне деген қызығушылық артып жатыр. Қыздардың деңгейі де жақсы. Ойындар өте тарысты өтті. Бірнеше қыз ерекше қабілетімен көзге түсті. Сәйкесінше, ұлттық құрамаға лайықты ізбасарлар өсіп келеді деген сөз», – дейді әйелдер хоккейінің жетекшісі Бұлбұл Қартаңбай.
Айта кетейік, Астана қаласы қыздар арасындағы ішкі біріншілікті алғаш қабылдады.