Астанада Холокост құрбандарын еске алу шарасы өтті (ФОТО)

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордадағы Қазақстанның Ұлттық музейінде Холокост құрбандарын еске алудың халықаралық күніне орай шара өтті.

Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары еврейлерді жаппай жоймақ болған нацистердің қылмыстарын әшкерелеу күніне орай жиын барысында азалы митинг өтті. Айта кетейік, 2005 жылы 1 қарашада БҰҰ Бас Ассамблеясы 60/7 қарарын қабылдап, жыл сайын 27 қаңтарды Холокост құрбандарын еске алудың халықаралық күні ретінде бекітті. Осыған байланысты Ұлттық музейде жиналған жұртшылыққа арнайы фильм көрсетілді.
«1945 жылдың 27 қаңтарында Освенцим лагерінде (Польша) қамауда болғандар босатылды. Осы жерде көп адам қырылды, олардың бір бөлігі босатылды. Сондықтан, бұл күнді сол нәубет жылдарында өмірі қиылғандарды еске алу күні ретінде атап өтеміз»,-деді Қазақстандағы Израиль Елшісі Михаил Бродский.
Бұл концлагерь жұмыс істеп тұрған уақытта мұнда 1,5 миллионнан 2,2 миллион адамға дейін қаза тапқан, дейді әртүрлі дерек көздері. 1945 жылы дәл осы күні Кеңес Армиясы нацистік Освенцим-Биркенау ажал лагерін азат еткен болатын.
«Бүгін біз еске алу күнін ұйымдастырдық және оған ҚР Үкіметінің өкілдері, қала тұрғындары, студенттер мен мектеп оқушылары келді. Бүгін жиналған жұртшылыққа алғысымызды білдіреміз»,-дейді Елші.
Шараны Қазақстандағы Израиль Елшілігі мен ҚР-дағы БҰҰ өкілдігі ұйымдастырды.