Астанада IBM компаниясының инновациялар орталығы ашылды

АСТАНА. Мамырдың 14-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Астанада дүниежүзіне танымал IBM компаниясының Linux ашық коды саласында инновациялар орталығы ашылды.

Бұл жүйе бағдарламалық қамсыздандыру және стандарттар базасына кең ауқымда қол жеткізуге мүмкіндік береді. Бұл отандық ақпараттық технологиялар нарығы үшін өте маңызды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

IBM компаниясы Power systems бөлімшесінің бас менеджері Росс Мауридың сөзіне қарағанда, Linux-тің операциялық жүйесін әлемдегі қуатты супер компьютерлердің 94 пайызы пайдаланады. Бұл жүйе 1990 жылдан бастап қолданылып келеді және түрлі салаларда, атап айтқанда экономика, басқарушылық аппаратты техникалық жағынан қамсыздандыру салаларында өзін табысты көрсете білді. Әлемдегі көптеген бағдарламалық құжаттар аталмыш жүйені қолдана отырып жұмыс істеуде.

Астанада ашылған IBM компаниясының инновациялар орталығының жұмысы бағдарламалық қамсыздандырудың өңірлік тәуелсіз жеткізушілерін және IBM компаниясының бизнес әріптестерін қолдауға; электронды үкімет сервистерінің прототиптерін және Linux базасында басқа да шешімдерді әзірлеуге, сондай-ақ мемлекеттік ведомстволар мен ұйымдарға арналған бағдарламалық қамсыздандыруды ашуға; Қазақстанның білім беру жүйесіне арналған «электронды оқыту» заманауи бағдарламасын әзірлеуге; қазақстандық тұтынушыларды Linux-тің мүмкіндіктерімен таныстыруға бағытталатын болады.

Мамандар аталмыш орталықтың құрылуын Қазақстанның IT-технологиялар саласындағы тарихи оқиға ретінде бағалауда. «Зерде» ақпараттық-коммуникациялық холдингінің басқарма төрағасы Әділбек Сәрсеновтың пікірінше, Қазақстанның озық елдердің қатарына қосылуды мақсат етіп отрығанын ескеретін болсақ, мемлекеттік секторда және басқа да салаларда ашық кодты бағдарламалық қамтамасыздандыруды пайдаланудың әлеуеті зор. «Қазақстанның мемлекеттік органдары отандық IT компанияларға бағдарламалық қамсыздандыруда және IT қызметтерде көптеген тапсырыстар береді. Ашық кодты бағдарламалық қамсыздандыру көптеген ақпараттық жүйелер үшін типтік бағдарламалық әзірленімдерді әзірлеуге кететін шығындарды айтарлықтай қысқартуға мүмкіндік береді», дейді ол.