Байқауға қатысуға ниет білдірушілерден өтінімдер 2026 жылдың мамыр айында басталып, тамыз айының соңына дейін қабылданады. Фестивальге әлемнің кез келген елінен кәсіби студиялар да, жеке креаторлар да қатыса алады.
Басты шарт – туындының ұзақтығы 10 минутқа дейінгі қысқаметражды AI-фильм болуы және ол 100% жасанды интеллект технологияларының көмегімен әзірленуі тиіс.
– ЖИ-фильм – эксперименттік формат. Біздің мақсатымыз – кәсіби мамандар мен қатардағы көрерменді біріктіретін жаңа платформа қалыптастыру. Фестиваль AI Week және Digital Bridge халықаралық технологиялық апталығы аясында өтеді. Біз әлемдік деңгейдегі продюсерлер мен режиссерлерден тұратын қазылар алқасын жасақтаудамыз, – деді Ozen компаниясының негізін қалаушысы, ұйымдастырушылардың бірі Айзатулла Хуссейн.
Фестивальдің ең басты жаңалығы – қазылар алқасының құрамына жасанды интеллектінің өзін қосуы мүмкін. Техникалық мамандар ЖИ-дің сценарий мен визуалды эстетиканы нысанды түрде бағалау қабілетін зерттеп жатыр.
– Біз қазылар алқасының бір мүшесін жасанды интеллект қылуды жоспарлап отырмыз. Ол сценарийді түсініп, өз талдауын бере алады. Бұл бағалаудың объективтілігін арттырады деп сенеміз. Сондай-ақ ЖИ көмегімен авторлық құқықтың бұзылмауын, плагиаттың болмауын қатаң қадағалаймыз, – деп атап өтті фестиваль ұйымдастырушысы, Brave Talents компаниясының жетекшісі Алмас Жали.
Байқау аясында «Үздік фильм», «Үздік кинематография» және «Үздік сторителлинг» сияқты номинациялар бойынша жеңімпаздар анықталады. Сондай-ақ ұйымдастырушылар тарапынан берілген арнайы тақырыпты ең үздік ашқан туындыға бөлек марапат қарастырылған.
Ұйымдастырушылар бұл іс-шараны жыл сайын өткізіп, Қазақстанды Еуразиядағы ЖИ-технологиялар мен креативті индустрияның басты көпіріне айналдыруды көздеп отыр. Ең үздік жұмыстар фестивальдің ресми сайтында жарияланады.
Айта кетейік, елімізде 2030 жылға қарай ЖИ саласында 10 000 маман дайындау көзделіп отыр.