Астанада ІІ Рухани мәдениет форумына дайындық барысы талқыланды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2016 жылдың 16-18 қазанында Делиде (Үндістан) ІІ Дүниежүзілік рухани мәдениет форумы өтеді деп жоспарлануда.

Осыған орай, елордада Дүниежүзілік рухани келісім күні аясында осы форумға дайындық барысы талқыланды. Айта кетейік, 2010 жылы Астанада өткен І Дүниежүзілік рухани мәдениет форумына әлемнің 72 елінен 500 делегат келген болатын. «Астана - әлемнің рухани астанасы. Бұл жас қала өзінің әлемдік деңгейдегі көптеген рухани іс-шаралардың бастамашысы екенін бірнеше рет дәлелдеді. Ең бірінші Дүниежүзілік рухани мәдениет форумы да бейбітшіліктің қаласы атанған осы Астанада өткен еді. Ал, бүгінгі талқылау әлемде болып жатқан оқиғаларды бейбіт жолмен шешу арқылы бүкіл адамзатты алаңдатып отырған сан түрлі мәселенің түйісу нүктесін табуға шақырады», - деп атап өтті Бүкіләлемдік рухани мәдениет форумы Президиумының отырысына қатысқан КСРО Халық әртісі Иосиф Кобзон. Жалпы, отырысын барысында Ресей, Қырғызстан, Германия, Австрия, Швейцария, Литва, Әзербайжан, Үндістан мен АҚШ-тан келген қатысушылар қоғамдағы өзекті мәселелерді шешудің жаңа теориялық және практикалық жолдарын қарастырып, өз ұсыныстарын білдірді. Сонымен қатар форум Президиумының мүшелері Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің жұмысына қатысып, «Астана Опера» театрында өткен Д.Вердидің «Реквием» концертін тамашалады.