Астанада импортты ығыстыра алатын отандық өндірушілер таныстырылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада «Субконтракт биржасы 2018» екінші форумы өз жұмысын бастап, онда ірі алпауыт компаниялар отандық өндірушілермен өзара келісімді бекітіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Осы тектес биржа екінші мәрте өткізіліп жатыр. Өткен жылы біз оны «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі алаңында ұйымдастырған едік. Бұл тетік машина құрылысы, химия, құрылыс материалдары өндірісі мен жеңіл өнеркәсіпте импортты алмастыру мәселелерін шешеді. Егер де 2017 жылдың қорытындысы бойынша жер қойнауын пайдаланушылар, ұлттық және жүйе құраушы компаниялардың сатып алуларына тоқталсақ, жергілікті қамтудың үлесі жеңіл өнеркәсіпте 21,3 пайызды, машина құрылысында - 9 пайыз, химияда - 27,5 пайыз, сондай-ақ құрылыс материалдары өндірісінде 23,5 пайызды құрады. Осы арқылы ішкі нарықта отандық өндірушілер үшін елеулі әлеует бар екенін байқап отырмыз. Қазақстан аумағына басқа елдерден келетін жабдықтарды алмастырудың әрі өндіріс көлемін арттырудың мүмкіндіктері баршылық. Осыған байланысты бүгінде отандық өндірушілермен өзара іс-қимыл тетіктерін әзірлеу бойынша ірі жүйе құраушы кәсіпорындармен тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр», - деді ҚР ИДМ Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Тимур Нұрашев.

Т. Нұрашев 2017 жылы министрліктің, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы және ірі жүйе құраушы кәсіпорындар арасында үшжақты келісім бекітілгенін еске салып өтті. Бұл келісімде осы кәсіпорындар жыл сайын тұрақты түрде сатып алатын өнімдердің тізбесі айқындалды. Осы орайда үшінші елдердің өнімдерін алмастырудың ауқымды мүмкіндігі ашылды.

«Шын мәнінде бұл бағыттағы жұмыстарды дұрыс ұйымдастырсақ, онда отандық өндірушілердің өнімдеріне айтарлықтай тұрақты сұранысты құра аламыз. Биыл да бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табады», - деді Т. Нұрашев.

Айта кетейік, биржаға «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС, «Еуразиялық топ» ЖШС, «Қазцинк» ЖШС, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ,  «Теңізшевройл» ЖШС, «Қарашығанақ  Петролеум  Оперейтинг Б.В.» АҚ, «СНПС - Ақтөбемұнайгаз» АҚ, «Самұрық-Қазына Контракт» ЖШС сияқты ірі тапсырыс беруші  компаниялардың өкілдері, жүйе құрушы кәсіпорындар, ұлттық компаниялар және отандық тауар өндірушілер қатысты.