Астанада инъекциялық есірткі пайдаланушылар арасында АИТВ-инфекциясының таралуының алдын алуға арналған жиын болады

АСТАНА. 19 маусым. ҚазАқпарат - Бүгін сағат 09.00-де «Думан» қонақ үй кешенінде Орталық Азия елдерінде инъекциялық есірткі  пайдаланушылар арасында АИТВ-инфекциясының таралуының алдын алуға арналған  жиын өз жұмысын бастайды.

Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлайды.

Бұл кеңес Орталық Азияда алғашқы сараптамалық көмек болып табылады. Ұйымдастырушы - Дүниежүзілік денсаулық ұйымының Еуропалық өңірлік бюросы, қабылдаушы тарап - ҚР Денсаулық сақтау министрлігі.    

Кеңес жұмысына өңір елдерінің денсаулық сақтау, ішкі істер және әділет салаларының ұлттық сарапшылары, сондай-ақ азаматтық қоғам өкілдері қатысады.

Кеңеске жиналған сарапшылар инъекциялық есірткі пайдаланушылар АИТВ дертіне шалдыққан жағдайда алдын алу, емдеу және көмек көрсетуді кеңінен қамтып, қолжетімділігі мен сапасын арттыру жолдарын анықтайды. Бұл өз кезегінде инъекциялық есірткі пайдалану нәтижесінде дертті жаңадан жұқтыратындар санын азайтуға және індетке бақылау жасауға мүмкіндік береді.