Астанада Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің алқа мәжілісі өтеді

АСТАНА. Шілденің 21-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Шілденің 22-23-і күндері Астанада Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің алқа мәжілісі өтеді.

Күн тәртібінде 2 мәселе қаралады. Алдымен министрліктің 2010 жылдың алғашқы 6 айындағы қызметінің қорытындысы шығарылып, екінші жартыжылдыққа арналған жоспарлары айқындалады. Содан кейін осы ведомствоның жүйесіндегі сыбайлас құқық бұзушылықтан сақтандыру және оның алдын алу мәселелері қарастырылады. Алқаның бұл бөлігіне «Нұр Отан» партиясының, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, Бас прокуратураның, Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің өкілдері шақырылып отыр. «Екі күннің ішінде инновация, инвестиция, жергілікті қамтуды дамыту салаларындағы саясатты, техникалық реттеу және метрология, өнеркәсіп, электроэнергетика, атом өнеркәсібі және ядролық энергетика мәселелерін, сондай-ақ геология мен жер қойнауын пайдалануды талқылау жоспарланып отыр», делінген аталмыш министрліктің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Алқа жұмысына министрлік комитеттері аумақтық органдарының жетекшілері мен еншілес ұйымдарының директорларын қоса алғанда аталмыш ведомствоның бүкіл басшылығы қатысады.